Ескендір Хасанғалиевті еске алуға арналған концерт өтті

431

4 қазан күні Оралда ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің иегері, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевті еске алуға арналған «Есіңе ал» деген атаумен концерт ұйымдастырылды деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі

Концерт басталмас бұрын Ескендір Хасанғалиев  әндерін орындаушылардың ХІІ Халықаралық «Атамекен» ән фестиваліне қатысушылар реттік санын анықтап алды.  Енді 5 қазан сағат 10:00-де «Атамекен» өнер ордасында байқаудың I кезеңі басталады.

Талай таланттарды өнер майданына түлетіп ұшырған Жайықтың жайсаң ұлы Ескендір Хасанғалиевтің әуезді әндері шырқалатын фестиваль бүгінде 12-ші рет шымылдығын ашқалы тұр. Батыс Қазақстан облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсеновтің айтуынша, қазіргі уақытта фестивальдің ауқымы кеңейіп, Халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып келеді.

«Батыс Қазақстан облысының рухани-мәдени өміріне жаңа серпін бере отырып, ән өнерінің дамуына үлес қосу мақсатында Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың ХІІ Халықаралық «Атамекен» ән фестивалі Мәдениет және спорт министрлігінің келісімімен және облыстық Мәдениет басқармасының ұсынысымен, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі қолдай отырып Орал қаласында 2022 жылдың 5-6 қазан күндері өткізіледі», – деді С.Дүйсенов.


Сонымен қатар, фестивальдің қазылар алқасының құрамында Ескендір Хасанғалиевтің ұлы, әнші-композитор Біржан Хасанғалиев төрелік етеді. Оның айтуынша, ХІІ Халықаралық ән фестиваліне шетелден: Өзбекстан (Нүкіс қаласы) және Қытай елінен, республика аумағынан: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Абай облысы және Орал қаласы, БҚО аудандарынан 25 үміткер қатысуға өтініш білдірген.