Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз байқауының жеңімпаздары анықталды
535
Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз байқауында алматылық Аршын Нұрбақыт бас жүлдені иеленді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында әнұран авторы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов атындағы «Елім менің!» көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтті.
Оған еліміздің әр өңірінен 18-35 жас аралығындағы 13 үміткер қатысты.
«Жұмекен Нәжімеденов осы өңірдегі Қошалақ топырағында дүниеге келген. Өзінің жалынды жастық шағын Алатаудың баурайында өткізген ақын туған жерге деген сағынышын әркез жырына арқау етті. Оның жырларынан тағылым мен тәрбиенің, адалдық пен отансүйгіштіктің терең мәнін аңаруға болады. Жұмекен шығармаларын терең зерттеп, кейінгі ұрпаққа насихаттау – біздің борышымыз," - деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Байқауға қатысушылар Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиялық және прозалық шығармаларынан үзінді оқыды.
Мәтінді жатқа оқуға 5 минут уақыт берілді. Дайын фонограмманы пайдалануға тыйым салынды.
Қазылар алқасы қатысушыларды оқу шеберлігі, дауыс мәнері, тіл тазалығы, көркем мәтінді таңдау және сахнада өзін-өзі ұстауы талғамына сай бағалады.
Байқау қорытындысымен бас жүлдеге алматылық Аршын Нұрбақыт лайық деп танылды.
Жетісу облысының өкілі Аршын Айдынбекұлы бірінші орынды иеленді.
Түркістандық Ержан Жолдасов екінші, Батыс Қазақстан облысынан қатысқан Бекзат Васихан үшінші жүлдеге ие болды.