Қазалы ауданында ардагер ұстаздар арасында сайыс ұйымдастырылды
Қазалы ауданында Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойына байланысты өткізілетін "Ерлігі есте, төрелігінен тағылым" атты ардагер ұстаздар арасында сайыс ұйымдастырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Өнегеге толы шараның өтуіне аудандық "Білім беру саласының ардагерлер ұйымы" қоғамдық бірлестігі мұрындық болды. Тартысты жарыс бір ғасырлық тарихы бар Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектеп төрінде өткізілді.
Тағылымы мол сайысқа 11 ардагер ұстаз сақадай сай дайындықпен келіп, жан-жақты әзірленген қорғасындай салмақты мағлұматтар келтірді.
Шара барысында қатысушылар баба ерлігі, даналығы, көрегендігі, әулиелігі жайлы бес минуттық әңгіме және Жанқожа батыр туралы көркем сөз, монолог, дастаннан үзінді, терме орындау шарты бойынша өзара бақ сынасты.
Айтулы күнде Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектеп оқушылары мәнерлеп жыр жырлап, сахналық қойылым қойды. Мектеп ауласында балалардың өз қолдарымен әзірленген туындыларынан көрме қойылды.
Маңызды шараның ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Болат Жолтаев талапкерлерге сәттілік тіледі.
Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойына арналған сайыста ақсақалдар бабаның ерлігі мен даналығынан тағылымдық әңгіме айтып, терме орындады. Өз өнерлерін жиналғандарға паш етті. Әділқазылар шара соңында барлық талапкерлерге Алғыс хат пен сый-тартуларын табыстады.