Түркияда Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған конференция өтті

437
ТҮРKСОЙ аясында Ыстамбұл қаласында (Түркия) Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы және түркі өркениеті» атты ғылыми конференция өтті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Шараны Президент Қасым-Жомат Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырды.

Конференцияға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Мажидли Физули, ҚР Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев, ҚР Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел, Ыстамбұл университетінің ректоры Махмут Ак, Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығына Қазақстан – Түркия бағытында велошеру арнаған аудармашы, журналист Ернат Мелсұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Отандық және Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстаннан алаштанушы, ахметтанушы ғалымдар баяндама жасады.

«Ахмет Байтұрсынұлы – түркі халықтарына ортақ ұлы тұлға. Оның ілімі халықаралық ғылыми кеңістікте, әсіресе, түркі әлеміндегі гуманитарлық ғылымдарда реформаторлық идеяларымен ерекшеленеді», – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.

Конференция аясында Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін танытуға арналған кітап көрмесі, ұлт ұстазының өмірі мен қызметіне арналған фотокөрме ұйымдастырылып, «Қазақ өркениеті және Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында бейнеролик көрсетілді.

Сонымен қатар «Ахмет Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалары» (қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде) кітабының және Халықаралық Түркі академиясы тарапынан ұсынылған Райхан Имаханбеттің «Ғасыр саңлағы» кітабының тұсаукесері өтті.