Елімізде жеке тұлғалардың кредиттері 13,1 трлн теңгені құрады

431
Қазақстанда жеке тұлғалардың екінші деңгейлі банктерге қарызы 13,1 триллион теңгені құрап отыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Агенттіктің ақпаратынша, биыл қыркүйекте ел экономикасына кредиттер 2,0%-ке өсіп, 21,1 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері өсім – 14,1% немесе 2,6 трлн теңге. Соның ішінде ұлттық валютадағы кредиттер 1,8%-ке, 19,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды, ал шетел валютасындағы несиелер 4,4%-ке, 1,8 трлн теңгеге дейін өсті.

Бұл ретте халықтың банктерге қарызы 13,1 триллион теңгеге жеткен.


"Жеке тұлғалардың кредиттері 2022 жылғы қыркүйекте 2,5%-ке ұлғайып, 13,1 трлн теңгені құрады. Несиелер осы жылдың басынан бері 21,6%-ке өсті", - делінген хабарламада.

Агенттік қазақстандықтарға берілген кредиттердің өсуін жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар аясында ипотекалық несиелеудің 3,3%-ке, 4,3 трлн теңгеге дейін
 ұлғаюымен, сондай-ақ тұтынушылық қарыздың 2,3%-ке, 7,2 трлн теңгеге дейін артуымен байланыстырып отыр.

Сондай-ақ заңды тұлғалар банктерден 8,0 трлн теңге кредит алған. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 3,6%-ке өсті.
Биыл қыркүйекте заңды тұлғаларға 988 млрд теңге қарыз берілді, бұл 2022 жылғы тамызбен салыстырғанда 1,5%-ке көп. Ірі бизнеске берілген қарыз жыл басынан бері 2,7%-ке, 3,3 трлн теңгеге дейін, ШОБ (жеке кәсіпкерлікті қоса алғанда) несиелері 6,8%-ке, 5,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.


Заңды тұлғаларға берілген кредиттердің негізгі үлесі өнеркәсіпке (34,1%), саудаға (21,4%), құрылысқа (7,6%) және көлікке (5,4%) тиесілі.


Бұдан бөлек, заңды тұлғалардың депозиттері 4,2%-ке, 15,2 трлн теңгеге дейін, ал жеке тұлғалардың депозиттері 2,1%-ке, 13,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды.