Қызылордада шағын индустриалды аймақ құрылмақ

160

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов шағын және орта бизнестің қызметіне жасалған талдау, сондай-ақ кәсіпкерлермен өткізілген кездесулер барысында аймақта шағын индустриялық аймақтарға деген сұраныстың жоғары екендігін көрсетті,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Мұндай индустриалды аймақтар «Атамекеннің» бастамасымен Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Ақмола, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында құрылып, жұмыс жасауда екен.

«Жүргізілген зерттеулер жергілікті тауарөндірушілердің арасында шағын индустриалды аймақ құруға болатын 3 әлеуетті саланы анықтады. Бұл ішкі нарықта сұранысқа ие тоқыма, тамақ өнімдері мен жиһаз өндірісі. Өнімнің осы түрлерін өндіруге қатысатын біздің өңіріміздегі кәсіпкерлер одан әрі дамыту үшін жеткілікті тәжірибе жинақтады. Алғашы уақытта шағын индустриалды аймақты тігін өндірісі бойынша құруға болады. Ақпарат үшін облыста қазір 56 тігін цехтары жұмыс жасауда», – дейді Палата директоры.

Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, тігін өндірісін таңдауының да себебі бар. Шағын индустриалды аймақ құру арқылы аталмыш сала негізінде жаңадан жұмыс орындарын көптеп ашуға болады.

«Бұл ұсынысымызды қала әкімдігі қолдап отыр. Қала басшылығымен бірге облыс орталығындағы бос ғимараттарды аралап көрдік. Қазір әкімдік өкілдері аталмыш ғимараттарды индустриалды аймаққа айналдыру үшін қажетті қаржы көлемін есептеуде. Жақын күндері облыстық бюджеттік комиссияға ұсыныс беретін болады», – деді Кәсіпкерлер палатасының басшысы.

 

Тәуелсіздік жылдарында Қызылорда индустриалды-аграрлық өлкеге айналды

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Сыр елі индустриалды-аграрлық өлкеге айналып, өңірде 400-ден аса шағын және орта өнеркәсіптік кәсіпорындар құрылды.


 

Егемендік алған жылдары өңір экономикасына 4 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылды. Нәтижесінде, өнеркәсіп өндірісінің үлесі 30 пайызға дейін артты. Облыста кәсіпкерлік саласы да жанданып келеді. Мәселен, биыл "Бизнестің жол картасы 2025", "Еңбек" мемлекеттік бағдарламалары аясында және "Қызылорда" Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 3054 жобаға қолдау көрсетіліп, қаржыландыруға ие болған.

 - Соңғы 15 жылда облыста кәсіпкерлік субъектілерінің саны - 3,6 есеге, жұмыспен қамтылғандар саны - 2,5 есеге, өндірілген өнім көлемі - 7,4 есеге ұлғайды. Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің саны өткен жылмен салыстырғанда 6,5%-ға артқан. Кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында мемлекеттік қолдау шаралары мұнымен шектелмей, алдағы уақытта кеңінен іске асырылатын болады, - деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов.

Биыл құны 45 млрд. теңгені құрайтын 4 жобаның екеуі орындалды. Атап айтсақ, аймағымыздағы ірі стратегиялық жобасы шыны зауыты мен Сырдария ауданында ашылған қуаттылығы 630 тонналық күріш өңдеу цехы. Жалпы 2010 жылдан бастап мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 82 млрд. теңгені құрайтын 17 жоба іске асты. Ал ІІ бесжылдықта өңірде 9 жоба қарқын алып, төрт жаңа өнім шығарылды. Алдағы уақытта аталған бағдарламаның ІІІ бесжылдығында 46 жобаны іске қосу көзделуде. Бұл өңірімізде 7 мыңнан аса жұмыс орнын ашуға ықпал етеді. 

- Егеменді ел атанған 30 жыл ішінде Сыр елі барлық салада қарқынды дамып келеді. Әсіресе, индустрия саласында ауқымды жобалар іске қосылып, өнім көлемі айтарлықтай ұлғайды. Көршілес және шет мемлекеттерге өзімізден шығарылған өнімдер экспортталды. Мәселен, құрылыс индустриясы саласындағы алғашқы кәсіпорынын бірі – «Компания Гежуба Шиелі цемент» зауыты 2 млн. тонна өнім өндіріп, көршілес Өзбекстанға экспортталды. Айта кетейік, биыл бұл зауыт 1 млн. тонна цемент шығарып, толық өндірістік қуаттылыққа қол жеткізді. Сонымен қатар, «Құмкөл» мұнай-газ кен орны ашылғаннан бастап отыз жыл ішінде шамамен 210 млн. тонна мұнай және 20,6 млрд. текше метрден аса газ өндірілді. Бүгінде облыстағы 35 мұнай және газ кен орнында 22 мұнай компаниясы жұмыс істейді. Бұл саланың ел экономикасына тигізер әсері орасан зор, - деді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев.

Қызылорда облысының индустриалды-инновациялық дамуы басты назарда

Соңғы 5 жыл ішінде Қызылорда облысының экономикасына 1,5 трлн теңге инвестиция тартылды, 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, өңдеу өнеркәсібінде 600 млрд теңгенің, ал, ауыл шаруашылығында 500 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Құрылыс саласында 500 млрд теңгенің жұмыстары атқарылды. Осы кезең ішінде 65 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, оның 55 мыңға жуығы — тұрақты жұмыс орындары. 

«Индустрия саласында соңғы 5 жыл ішінде 90 жуық өндіріс орындары ашылып, 1 мың 800-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Нәтижесінде, өңірімізде аммоний метаванадаты, тампонажды цемент, әк тас, шыны пластикалық құбырлар, жер асты су құбырлары және резеңке ұнтақтар, мақсары майы, жүгері шырыны, ерлер жейдесі, қарулы күштерге арнайы киімдер сияқты жаңа өнім түрлері игеру қолға алынды», — деді Бақыт Жаханов.

Ағымдағы жылы тау кен өндірісін дамыту мақсатында «Талап» қорғасын-мырыш кен орнын және «Ақ еспе» титан – цирконий кен орнын барлау жұмыстары басталатын болады. Сонымен қатар, әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнының жұмысы қайта жанданады деп жоспарлануда. «Шалқия» 6,5 млн. тонна мырыш қоры бар көлеміне қарай әлемдегі 5-ші кен орны болып табылады. Бұл кен орнын игеру компания үшін мырыш нарығында ірі қатысушыға айналуына, сондай-ақ, кең көлемде қорғасын өндіруге мүмкіндік бермек.

Бақыт Жахановтың айтауынша, индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы өңірдің өңдеуші өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін берді. Нәтижесінде, аталған бағдарлама аясында 26 өндіріс іске қосылған.

Ал, 2018 жылдың желтоқсан айында іске қосылған тампонажды цемент өндіретін зауыты бүгінде цементтің 6 түрін шығаруда, 2019 жылдың шілдесінен бері экспортталуда. 2020 жылы құны 408 млрд.теңгеден асатын тағы 10 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олардың қатарында Шыны зауыты да бар.

«Шыны зауыты бойынша жұмыстар ерекше бақылауда. Мердігер компания «Чайна триумф» ағымдағы жылдың мамыр айында құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға, маусымда пешті қыздыруды, ал, шілдеде — зауытты іске қосуға жұмыс істеуде», — деді облыс әкімінің орынбасары Бақыт Дүйсенұлы.

Ағымдағы жылы кварц құмын байыту бойынша тау кен комбинатының бірінші желісін, сонымен қатар, жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын іске қосуды және ет комбинатының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Одан бөлек, түйе сүтінен жасалған құрғақ ұнтақ шығару және жоғары қысымды шыны пластикалық желілік және сорғы компрессорлық құбырлар өндірістері құрылыстары басталатын болады. Айта кету керек, сондай-ақ, биыл Арал қаласында жылына 120 мың тонна ас тұзын өндіретін үшінші испан цехының және еліміздегі алғашқы кальцийленген сода өндіру зауытының құрылыстары басталатын болады.

Парламенттік тыңдауда Агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы айтылды. Ауылшаруашылық саласына соңғы бес жылдың өзінде тартылған инвестициялар көлемі $19 млн дейін өскен. Аймақта жоспарға сәйкес 2022 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,6 есе, ал, оның экспортын 2,5 есеге арттыру қарастырылуда.