Қазақстан Әзірбайжанға тауар экспортын $300 млн-ға арттыруға дайын
Болашақта екі жақты тауар айналымы $1млрд-қа дейін жетуі мүмкін,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Астана қаласында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Әзірбайжанның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ағалар Атамоғлановпен кездесті.
Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының көлемі шамамен $500 млн-ды құрады. Болашақта бұл көрсеткіш $1млрд-қа дейін жетуі мүмкін.
Кездесу барысында екі елдің маңызды көлік дәліздерінде тиімді орналасқаны атап өтілді. Осыған байланысты Орталық Азия, Кавказ және Түркия арқылы Қытай мен Еуропалық Одақты байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) өзектілігі артуда. ТХКБ шеңберінде жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 2 есе өсті. Осы бағыт арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдаудың оң динамикасы атап өтілді.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Әзірбайжанға 100-ден астам тауар позициясы бойынша $300 млн-ға жуық шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға дайын.
Өз кезегінде Ағалар Атамоғланов мырза атап өткендей, Әзірбайжан Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді арттыруға ниетті.
Тараптар Қазақстан мен Әзірбайжанның көпжақты форматтағы, оның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы өзара іс-қимылының перспективаларын қарастырды. Осылайша, екі ел Түркі инвестициялық қорын (ТИҚ) құру туралы келісімді бірінші болып ратификациялады. Сондай-ақ, алдағы СПЕКА (БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасы) форумына дайындық мәселелері талқыланды. Іс-шара ағымдағы жылдың қараша айында Баку қаласында өтеді.
Айта кетейік, 2023 жылғы қаңтар-тамыз айларында екіжақты тауар айналымы $398 млн-ды құрады, бұл 2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 57,2%-ға артық.