Асқарбек Есжанов: Ауыз су желілері бойынша 4 жоба жүзеге асуда

235
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Жалағаш ауданы әкімі Асқарбек Есжанов ауыл тұрғындарымен кездесіп, ауданның биылғы жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен 2023 жылғы міндеттері туралы айтты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Халықпен кездесу барысында аудан әкімі ауыл тұрғындарына ауданда атқарылған жұмыстармен таныстырып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. 


Ауданда атқарылған іс ауқымды, кезекте тұрған мәселе де жоқ емес. Зерттеу-зерделеу барысында ауданда ең өзекті мәселелер қатарында бірқатар ауылдарда ауыз су жүйесін кеңейту, жол құрылысы, көпірлерді жөндеу, Жалағаш кентіне жақын ауылдарды газдандыру, жарықтандыру мәселесі тұр.


Осыған орай аудан басшысы алдымен ауыз судың шешілу түйінін тарқатты. Ауыз су желілері бойынша ауданда 4 жоба жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, Аққұм елді мекенінде су тарату жүйесінен аула ішілік су тарату желісін кеңейту, тұтынушыларға су тарату желісінің құрылысы, Жалағаш кентінде Ақтерек-170 га учаскесінің су ұңғымалары және су жинау-тарату кешенінің құрылысы, Жалағаш кентінде Ақтерек-170 га учаскесіндегі инженерлік инфрақұрылымның сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы, Мәдениет елді мекенінде су тарату жүйесінен аула ішілік су тарату желісін кеңейту, тұтынушыларға су тарату желісінің құрылысы жүргізілуде. Жалпы аудан тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілген.

Бұдан бөлек ауданда жол құрылысы бойынша 9 жоба, көпірлерді жөндеу, тұрғын үйлерді күрделі жөндеу, газдандыру, жарықтандыру бойынша 4 жоба, абаттандыру бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Аудан әкімінің ауылдарға сапары ертең Аққыр, Жаңаталап, Мақпалкөл, Мәдениет, Мырзабай ахун ауылдарында жалғасады.