Петропавл әуежайы сатылымға шығарылды

279
16 наурызда Петропавл әуе айлағы сатылымға шығарылды. Өтінімдер 15 күн бойы қабылданады. Әуежайдың бастапқы құны - 5,6 миллиард теңге, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет бұл ақпаратты растап, жергілікті биліктің әуежайды неге сенімді басқаруға беру туралы шешім қабылдағанын түсіндірді.

"Республикада 15-тен аса әуежай бар. Олардың жартысына жуығы сенімгерлік жолмен немесе мемлекеттік-жеке серіктестік арқылы басқарылады. Біздің әуежай министрліктер қарамағында, яғни мемлекеттік меншікте болды (ҚР ИИДМ, ҚР ҚМ). Одан ары кәсіпорын банкротқа ұшырады, әкімдік барлық мүлікті осы кәсіпорыннан сатып алды. Енді әкімдік осы мүліктік кешенді бәсекеге қабілетті ортаға беру үшін әуежайды жекешелендіріп, сенімгерлік басқаруға беруге тырысып жатыр. Яғни, нысан инвесторды қызықтырса, онда даму және инвестициялар бойынша шарттар жасалады, сөйтіп, ол қатыса алады (сауда-саттыққа)", - деді Мақсат Баяхмет.


Шенеунік әкімдік бюджеті есебінен әуежайды дамытуға неге көңіл бөлінбейтінін түсіндірді.

"Мүлікке қатысты қарыз жоқ. Әуе кеңістігі туралы заңнамаға сәйкес рұқсат беру құжаттарын алу қажет: лицензия, қауіпсіздік сертификаты. Мұның бәрін қамтамасыз ететін қолданушы ретінде сертификатталған болу керек. Инвестор үш жыл ішінде инфрақұрылымды 1,5 миллиардқа жақсартуы қажет", - деді әкімдік өкілі.


Бұл сомаға Петропавл әуе айлағын қажет техникамен толық жарақтандыру, әуежайдың кейбір ғимараттары мен құрылыстарын күрделі жөндеу кіреді. Осы мәселелер шешілмейінше, болашақ иесі нысанды жекешелендіре алмайды. Ал электрон сауда-саттыққа қатысу құқығына ие болу үшін оның шотында кемінде 800 миллион теңге болуы тиіс. Әуежай сатып алушысында тек ақша емес, сонымен қатар қазір жетіспейтін білікті мамандарды жұмысқа тарту жоспары болуы керек.

"Бізде авиациялық тәжірибесі бар қызметкерлер, кейбір мамандар жетіспейді. Дипломы бар мамандар жоқ. Яғни, қазір жүзеге асырылатын рейстерге арналған қызметкерлер саны жеткілікті, бірақ одан ары дамытып, штатты ұлғайту үшін бәсекеге түсетіндей жалақы белгілеу керек. Бұл қызметкерлер түнгі уақытта да жұмыс істеуі үшін қажет", - деді Баяхмет.

Қазір Петропавл әуежайында 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Техникалық қызметкерлер 60 мың теңге, басшылық лауазымдардағы мамандар 150 мың теңге алады. Бүгінде СҚО облыс орталығынан Нұр-Сұлтан мен Алматыға ұшуға болады. Олар - субсидияланған рейстер