Қазақстанда инфляция көрсеткіші 19,6%-ға жетті

483
Биыл қараша айындағы жағдай бойынша Қазақстанда инфляция көрсеткіші 19,6% болды. Бұл жөнінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан экономикасының 2022 жылғы 11 айдағы негізгі даму көрсеткіштеріне тоқталды, деп жазды Үкіметтің Telegram арнасы.

Үкімет басшысының сөзінше, қаңтар-қарашада экономиканың өсу қарқыны 2,7% деңгейінде болды.

Биыл қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 34%-ға өсіп,111 млрд доллар болды. 

Экспорт 45%-ға, соның ішінде өңделген тауарлар экспорты 35%-ға өсті. 

Оның айытуынша, биыл қараша айындағы жағдай бойынша Қазақстанда инфляция көрсеткіші 19,6% болды. Оның негізгі факторлары – геосаяси шиеленістің күшеюі, әлемдегі бағаның рекордтық өсуі, логистиканың бұзылуы және көрші елдерде кейбір тауарлардың экспортына уақытша шектеулердің енгізілуі. 

"Қазіргі кезде Үкімет инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асыруда. Оның шеңберінде жедел және орта мерзімді іс-шаралар көзделген. Олар ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттыруға, тауарларды сақтау және тасымалдау тетіктерін дамытуға, бөлшек сауданы қолдауға бағытталған", — деді Әлихан Смайылов.

12 желтоқсан күні мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сөз болатынын айтты.