Банктер ипотека беруді неге тоқтатты?

2 247

Фото: shutterstock.com2025 жылдың қазан айынан бастап Қазақстандағы бірқатар екінші деңгейлі банктер ипотекалық несие беруді және клиенттердің жаңа өтініштерін қабылдауды уақытша тоқтатып тастады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бірі – барлық ипотекалық бағдарламаларын толық жапса, екіншісі – тек серіктес құрылыс компанияларының жаңа тұрғын үй кешендеріне ғана несие беруді қалдырған.

Бұл нарықтағы тосын өзгеріске басты себеп – Ұлттық банктің 2025 жылғы 10 қазанда базалық мөлшерлемені 16,5%-дан 18%-ға дейін күрт көтеруі болды. Базалық ставканың мұндай жоғары деңгейге жетуі нарыққа күтпеген соққы болды. Бұл шешім, Ұлттық банктің түсіндіруінше, инфляцияның ары қарай өсуі мен теңгенің күрт құнсыздануына қарсы шара ретінде қабылданған. Алайда оның жанама әсері ретінде ипотекалық нарық тоқтап қалды.

Банктер неге ипотека бермей отыр?

Базалық мөлшерлеменің көтерілуі банктердің ипотекадан табатын табыстылығын күрт төмендетті. Яғни, банктер клиенттерге несие беру үшін қаражатты жоғары пайызбен тартады (базалық ставка – 18%), ал мемлекет ипотеканың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейін 25%-дан 20%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр. Бұл жағдайда банктердің несие беруден табатын маржасы мүлде мардымсыз болып қалады. Сондықтан көпшілігі ипотекалық өнімдерін тоқтатқан.

Бүгінде қайталама нарықтағы баспанаға ипотека беру мүлде тоқтап қалды. Тек "Отбасы банкі" жинақ жүйесі арқылы ипотека ұсынуды жалғастырып отыр. Басқа банктердің ипотекалық бағдарламалары тек бастапқы нарықпен, оның ішінде серіктес құрылыс компанияларының нысандарымен ғана шектелген.

Қай банктер ипотеканы тоқтатты:

Altyn Bank – тек бастапқы нарықтағы серіктестік нысандарға ғана ипотека береді.

ЦентрКредит банкі – барлық ипотекалық өнімдерін уақытша жапты, тек "7-20-25" бағдарламасы сақталған.

Нұрбанк, ForteBank – барлық ипотекалық өтініш қабылдауды доғарды.

Freedom Bank – тек өз қызметкерлері мен жалақы алатын клиенттер үшін ғана өтініш қабылдайды.

Экономистер не дейді?

Экономист Эльдар Шамсутдиновтың пікірінше, ипотекалық нарықтың тоқтап қалуына тек базалық мөлшерлеменің көтерілуі ғана емес, сонымен қатар қаржы нарығындағы табыстылық құрылымының өзгеруі де әсер еткен.

Бүгінде банктердің нарықтан қаражат тарту құны шамамен 16,9% болса, қолданыстағы ипотекалардың ЖТСМ-і – 17-18%. Яғни, банктер бұрын бекітілген шарттармен несие беруді жалғастырса – зиянға жұмыс істеуге мәжбүр болады.

Сонымен бірге, банктер үшін ипотекадан гөрі Ұлттық банктің құралдарына қаржы орналастырып, 17% табыс алу әлдеқайда тиімді. Бұл – ешқандай тәуекелсіз, әрі жеңіл табыс. Ал, ипотека – ұзақ мерзімді, тәуекелі жоғары, әрі қымбат операция.

Ипотека қайта берілуі үшін не істеу керек?

Экономистердің пайымдауынша, ипотекалық нарықты жандандыру үшін:

Ұлттық банк өтімділікті шектеуі керек – банктер артық қаражатты оңай жолмен таба алмаса, несиелеуге қайта бет бұрады;

Банктерге ұсынылатын кірістілік деңгейі несие беруден түсетін пайдадан жоғары болмауы тиіс – сонда банктер қайтадан несие беруге мүдделі болады.

Не күтіп тұр?

Тағы бір экономист Алмас Чукин ипотекалық дағдарысты "экономикалық сілкініс" деп атады. Оның айтуынша, егер базалық ставка осы деңгейде ұзақ сақталса немесе тағы өссе, жаңа ипотека 20-22%-бен, автонесиелер – 25%-ға, ал тұтынушылық кредиттер 40%-ға дейін қымбаттауы мүмкін.

Бұл тек халықтың төлем қабілетіне емес, бүкіл құрылыс секторына, тіпті ел экономикасына соққы болады. Себебі:

Қымбат несие – тұрғын үйге сұранысты азайтады;

Сұраныс төмендесе – құрылыс баяулайды, жаңа жобалар тоқтайды;

Құрылыс тежелсе – құрылыс материалдары өндірісі, жөндеу қызметі, жиһаз өндіру, шағын-орта бизнес зардап шегеді.

Сонымен қатар, мемлекет өзі де ішкі нарықтан қарыз алып отыр. Жоспарланған 8 триллион теңгелік инвестициялық бағдарламаны "Бәйтерек" холдингі арқылы жүзеге асыру үшін, ол да қымбат несие алуға мәжбүр болады (21-22%).

Қазір Қазақстандағы ипотекалық дағдарыс – ақша-несие саясатының қатаюының тікелей салдары. Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық ставканы көтерді, бірақ бұл шешім құрылыс, банк, бизнес және халық үшін ауыр зардаптарға әкеліп отыр.

Ипотекалық несиелерді қайта қолжетімді ету үшін ақша айналымындағы қазіргі саясат қайта қаралуы тиіс. Әйтпесе, қарапайым халық үшін баспана арманға айналып, құрылыс саласы күйреуге бет алады.