"Жылдық инфляция жеті ай қатарынан төмендеп келеді" – Ұлттық банк

2 271

Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасар Берік Шолпанқұлов жылдық инфляция 7 ай қатарынан төмендеп келе жатқанын жеткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Жылдық инфляция жеті ай қатарынан төмендеп келеді. Оның бүгінгі деңгейі – 11,8 пайыз. Жылдық инфляция қатаң ақша-кредит саясаты жағдайлары мен 2022 жылғы жоғары базаның аяқталуы, жаһандық инфляциялық қысым мен өндіріс шығындарының төмендеуі аясында баяулады. Инфляция құрылымында барлық компоненттің өсу қарқыны баяулады. Айлық инфляция да 0,6 пайызға дейін бәсеңдеді. Алайда, айлық инфляцияның өсу қарқыны әлі де орташа мәннен айтарлықтай жоғары қалыптасып келеді», - деді ҰБ төрағасының орынбасары.


Оның атап өтуінше, азық-түлік инфляциясы 11,4 пайызға дейін төмендеді.


«Себебі нан, жарма, сүт өнімдері, ет пен қант бағасының өсу қарқыны да тежелді. Ауыл шаруашылығы салаларында да тамақ өнімдерін өндірушілердің бағаны төмендеткені сезілді. Жеміс-жидек пен көкөніс маусымдық кезеңге байланысты арзандады. Бірақ оның арзандау қарқыны әдеттегіден төмен. Осылайша, азық-түлік тауарларының айлық инфляциясы өткен жылдармен салыстырғанда жоғары қалыптасып отыр», - деді Берік Шолпанқұлов.