Қазақстандық ауыл тұрғындары бизнесті дамытуға 2,5%-бен несие ала алады
431
Үш жыл бұрын басталған ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жоба 2023 жылдан бастап бүкіл Қазақстан бойынша енгізіледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба аясында ауылдар мен шағын қалалардың тұрғындары бизнес ашуға және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге шағын несие ала алады.
Сыйақының номиналды мөлшерлемесі – жылдық 2,5%, мерзімі 7 жылдан аспайды, кепілмен қамтамасыз етілген.
Несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК немесе шамамен 7,9 млн теңге, ірі кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК немесе шамамен 25,4 млн теңге.
Кредитті беру операторларын облыс әкімдіктері мемлекеттік сатып алуды өткізу арқылы айқындайды.
"Ұйымдастырушылық жұмысты ескеріп, алғашқы микронесиелер 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңында беріле бастайды", - деп мәлімдеді министрлік.
Айта кетсек, ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жоба алғаш рет 2019 жылы Жамбыл облысында басталды. Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында бағдарламаны барлық өңірде іске қосуды тапсырды.
2023 жылы жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 11 мыңнан астам шағын несие беру жоспарымен 52,4 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.