Әр балаға 230 мың теңге беріле ме?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жәрдемақы төлеу тәртібіне тағы өзгеріс енгізді. Арнайы заң жобасы мәжілістің алғашқы қарауынан өтті.
Бұл жолы министрлік тағы жаңа жәрдемақы енгізуді ұсынып отыр. Бірақ бұл ақшаны 24 мың адам ғана алады. Олар - I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын азаматтар.
Министрдің есебі бойынша, бүгінде I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның үштен бірі күтім жәрдемақысын алмайды. Олардың барлығы көмекке зәру, себебі өз бетімен жүре алмайды. Ал бюджеттен жаңа жәрдемақыға ақша бөлінсе, барлығын жеке көмекшімен қамтуға мүмкіндік болады.
Одан бөлек, заң жобасы аясында мүгедек балалардың барлық тобы үшін жәрдемақыны 37%-ға дейін көтеру көзделіп отыр. Осының арқасында 30 мыңнан астам мүгедек баланың жәрдемақысы өседі. Сосын асыраушысынан айырылған жағдайда екі жәрдемақыны да алуға жағдай жасалады.
"Қазіргі уақытта мүгедек балалар ата-анасы ажырасқан кезде бір мезгілде алимент пен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады. Алайда бір немесе екі ата-анасы қайтыс болған жағдайда балаға мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы беріледі. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен бірге асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны алатын болады", – дейді Шәпкенов.
Яғни, бұл бастама заң жүзінде бекітілсе, мыңдаған мүгедек баланың ай сайынғы жәрдемақысы біршама өспек.
Сондай-ақ заң жобасында мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын бекіту ұсынылып отыр. Бұл кезекте 10 жылға дейін тұрғандар бар. Ал бала 18 жасқа толғанға дейін баспана берілмесе, ол өзі қайтадан кезекке тұруы тиіс. Жаңа норманың арқасында 20 мыңнан астам отбасы тұрғын үй кезегін сақтай алады деген жоспар бар.
Алайда бұдан былай баспана кезегінде тұрғандарға тегін үйді ешкім бермейтінін ескеру қажет. Осы психологияны толығымен жою үшін алдағы уақытта әкімдіктің баспана кезегі толығымен Отбасы банкіне ауыстырылады. Сол жерде арендалық немесе кредиттік баспана ғана беріледі. Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға үйді кредитке алу үшін табыстың көлемін барынша арттыру қажет, я болмаса арендалық пәтерді күту керек.
Жақында Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы балаларға арналған әмбебап жәрдемақыны енгізуді ұсынған болатын. Депутат Айжан Ысқақованың айтуынша, бүгінде жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтімі бойынша төленетін ай сайынғы жәрдемақыны 30 күнге бөлсе, күніне бір балаға 560-865 теңге ғана шығады. Анасына ештеңе төленбейді.
"Ал сотталған бір адамның тамағына күніне 1018 теңге жұмсалады", - дейді Ысқақова.