Елімізде брендтік аяқ киім көлемі бір айда 80%-ға ұлғайған
Қазақстанда 6 145 348 аяқ киім таңбаланды, яғни бұл көрсеткіш 80%-ға артқандығын мәлімдейді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, 2022 жылмен салыстырғанда тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесіндегі бизнес белсенділігі 46%-ға ұлғайғаны байқалып отыр.
2023 жылдың 1 сәуірінен бастап елімізде аяқ киім өнімдерін таңбалау мен қадағалау ережелері толық күшіне енді. Демек, бұдан былай тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесінде тіркелмеген аяқ киімді сатуға тыйым салынады.
Міндетті таңбалау процесіне алдын ала дайын болу үшін кәсіпкерлерге екі жылдан астам уақыт берілді: 2019 жылдың 30 маусымында бастапқы жоба іске қосылса, 2021 жылдың 1 қарашасында аяқ киімді таңбалау ережелері бизнеске көптеген жеңілдігі қарастырылған заңнамалық ережеге айналды.
Тауарларды таңбалау мен қадағалау жүйесінің негізгі мақсаты – Қазақстанда ашық сауданы дамыту. Жүйеде аяқ киім өнімдерінің картасын тіркеген соң оған қатысты ақпарат пайда болады. Соның негізінде өнімнің бірегей таңбалау коды қалыптасады. Сол арқылы әр аяқ киімнің данасы жеке, яғни бөлек қадағаланады.
«Біріншіден, таңбалау процесі тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл арқылы сатып алушы қажетті өнім туралы толық ақпаратқа қанығып, таңдау құқығын иеленеді. Таңбалау мен қадағалаудың екінші маңызды мақсаты – көлеңкелі экономиканы тежеу, яғни заңсыз импортты және оған қатысты нарықты жою көзделіп отыр», - деді QazTextileIndustry (дербес басқару ұйымы) ұлттық жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының басқарма төрағасы Гүлмира Уахитова.
Былтыр елімізде қаңтар-наурыз аралығында 223,9 мың дана аяқ киім шығарылса, биыл оның мөлшері 421,5 мыңға жеткен. Өндірістік динамика 88%-ға артқан.