Жеміс-жидек пен ет өнімдерін әлеуметтік тауарлар қатарына енгізу қарастырылуда

2 521

Фото: istockphoto.comҚазақстан үкіметі енді алма, алмұрт, банан, балық сияқты бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасына бақылау орнатпақ. Халық жиі пайдаланатын жеміс-жидек, ет және сүт өнімдеріне қосылатын үстемақы 15 пайыздан асып кетсе, кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Инфляцияға жүргізілген талдау нәтижесінде бағаның қымбаттауына балық, алмұрт, алма, лимон, банан, шай мен ірімшік сияқты 30 түрлі тауардың үлесі бары анықталған. Алайда бұл өнімдер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік санатына кірмейді.

“Қазір біз ең алдымен осы тізімге сиыр етінің барлық бөлігін енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Тұтас ет болсын, сан ет болсын — бәрі де әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына қосылуы керек деген ұсыныс бар. Сондай-ақ халық жиі тұтынатын жылқы етін де осы категорияға енгізу орынды деп санаймыз”, – деді Сауда және интеграция министрлігінің өкілі Тойгүл Жұбанова.

Ал экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, бағаны реттеу мақсатында бизнестің еркіндігін шектеп қою кері әсерін тигізуі мүмкін.

“Мемлекет әлеуметтік осал топтарға арналған өнім шығаратын кәсіпорындарға нақты қолдау түрлерін ұсынса, бұл сала инвестиция үшін тартымды болар еді. Яғни бұл бағыт бақылауды қажет ететін шығынды сала емес, керісінше кәсіпорындарға тиімді болуы тиіс”, – деді сарапшы.

Министрлік тізімді қайта қарау үшін кем дегенде бір ай уақыт қажет екенін мәлімдеді. Сонымен қатар қызанақ, қияр, ірімшік, тартылған ет сияқты кейбір тауарлар тізімге мүлде енбеуі мүмкін, себебі оларды халық көп тұтынғанмен, өндірілетін көлем жеткіліксіз болуы ықтимал. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік санатына кіретін тауарларға кәсіпкерлер 15 пайыздан жоғары үстемеақы қоя алмайды.