Арал ауданында жаңа жобалар бастау алмақ

1 769

Қызылорда облысы Арал ауданының басшысы инвесторлармен кездесіп, аймақта жаңа жобалар бастау алуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Алдымен Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов Аманөткел ауылдық округіне қарасты Аққұлақ елді мекенінде болып, жол құрылысының барысымен танысып өтті. 


Ауыл тұрғындарының бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан жол мәселесі биыл шешімін тауып жатыр. Яғни, жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын ауылға кіре беріс автомобиль жолының қаржысы республикалық бюджеттен қолдау тауып, жеңімпаз мердігер мекеме анықталған. Ал жобаның жалпы құны – 688,4 миллион теңгені құрайды. Бүнігі күні тиісті жұмыстарды атқаруға республикалық бюджеттен 205 миллион теңге қаржы бөлініп, аталған құрылысты «Строй Модуль – Астана» ЖШС жүргізеді.


Аудан әкімі Серік Сағитжанұлы жауапты бөлімге құрылысты сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды. Мұнан кейін аудан әкімі Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі 21 шақырымды құрайтын «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Жаңақұрылыс» автожолының құрылыс барысын бағамдады. Бұл нысанның жұмыстары 2021 жылы бастау алған болатын. Жобаның жалпы сомасы 1 млрд. 534 миллион теңгені құраса, тиісінше 2021 жылы 225 миллион теңге, 2022 жылы 680 миллион теңге бөлінсе қалған 458 миллион теңгесі биыл қаралған. Қазіргі уақытта жолдың астыңғы қабат жұмыстары толығымен аяқталып, бүгінде қалған жұмыстар жалғасуда. Ағымдағы жылы автожол пайдалануға берілмек. 


Кезекті жұмыс сапары барысында аудан әкімі Серік Сермағамбетов 2022-2024 жылдарға арналған «Ауыл шаруашылығын дамытудың Жол картасының» орындалуын саралады. Соған сәйкес бүгінде ауданда ілкімді істер атқарылып жатыр. Мәселен, 2022 жылы ауданда 704,2 гектар егін орналастырылса, биыл егін көлемін 1500 гектарға арттыру көзделуде. Аталған жол картасына орай Қамыстыбас пен Аралқұм ауылдық округтері әкімдіктері бірлесіп Қамыстыбас көлінен Тоқпай көлін толтыру бағытында жасалған каналдың жұмысымен танысты. Бұл гидронысан бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асқан. Нәтижесінде Аралқұм ауылдық округі тұрғындарының егін шаруашылығымен және тоғанды балық шаруашылығымен айналысуына мүмкіндік туындап, тиісінше бекітілген жерлерді игеруге инвестор тарту көзделуде.


Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесуде іске қосылған канал арқылы ендігі кезекте ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалардың саны артқанын жеткізді. Сондай-ақ диқаншылықпен айналысамын деушілерге мемлекеттік қолдаулар мен бағдарламалардың тиімділігін баяндап, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті өнімнің маңыздылығын айтып, ауыл тұрғындарының бастамаларына сәттілік тіледі. 


Бұдан бөлек, ауданының әкімі Серік Сермағамбетов өңір инвестициясы мен экономикасын ілгерілету бағытында бірнеше инвесторларды қабылады. Олардың қатарында отандық және шетелдік бизнес өкілдері бар. «Асыл-тас» ЖШС-і «МАРШАЛ ЭНЭРДЖИ ХОЛДИНГС ГОНКОНГ КО., ЛИМИТЕД» мекемесімен біріге отырып, байытылған темір концентратын өндіруді көздеп отыр.


Айта кетейік, «Талдыеспе» кен орыны – 870 гектарды құрайды. Сексеуіл кентінен 50 км жерде орналасқан. «Асыл-тас 2017» ЖШС-не 2019 жылдың 24 желтоқсанында 6 жыл мерзімге №460-ЕL жер қойнауын барлауға рұқсат берілген.


Алдын-ала зерттеу бойынша кен құрамының 30 пайызы темір қоспасынан құралады. Аталған жоба жүзеге асса, Арал ауданында жаңа жұмыс орындары ашылып, салық базасын кеңейтуге мүмкіндік туады.


Биыл Арал ауданында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 6038 бірлікті құрап, 35 пайызға артты. Олардың ішінде жұмыс жасап тұрғандарының үлесі 95 пайызды құрады. Кәсіпкерлерге деген қолдаулар мен мемлекеттік бағдарламалар алдағы уақытта да жалғаса бермек.


Аудан әкімі Серік Сермағамбетов тұрғындармен кездесуде: 
«Аралдағы кәсіпкерліктің өрістеуіне бірден-бір себепкері «Кәсіпкерлік үйінің» ашылуы болып отыр. Арал қаласында аудандар арасында бір терезе қағидаты бойынша алғаш болып орталық аштық. Қазіргі таңда, аталған нысан кәсіпкерлерге және кәсібін бастаймын деген азаматтарға бизнес кеңес берудің барлық түрлерін көрсетіп келеді. Онда ауыл шаруашылығы және жер бөлімі, кәсіпкерлік бөлімі, кәсіпкерлер палатасының өкілдігі орналасқан. Бүгінде олар бизнес бастаймын деген барлық азамтқа көмек көрсетіп, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуде»-, деді.

Ауданы әкімі тұрғындармен өткен кездесуде инфрақұрылымды дамыту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Аудан бойынша қазіргі таңда жер учаскесін алуға 7 мыңнан астам адам кезекте тұр. Бүгінде осы кезектілікті азайту мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Арал қаласындағы №5 шағын ауданында электр желісінің құрылысы мен №6 шағын ауданында электр желісінің және су желісінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта республикалық бюджеттен 567 млн. теңге қаралса, биылғы жылға құрылыс жұмыстарын аяқтауға облыстық бюджеттен 62 млн. теңге қаржы қаралды.

Сондай-ақ №8 мөлтек ауданды жүзеге асыруға Республикалық бюджеттен қаржы тартылды. Бұл өз кезегінде тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін алуға 2008-2011 жылдар аралығында кезекте тұрған 1043 тұрғынның өтініштерін қанағаттандыруға мүмкіндік беруде»-, деді С. Сермағамбетов.