Қазақстан мен Венгрия ауыл шаруашылығы саласындағы перспективалық бағыттарын талқылады

2 655

Фото: Ұлттық экономика министрлігі17 ақпанда Вице-премьер-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Венгрияның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийяартомен кездесті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Кездесуде вице-премьер атап өткендей, Венгрия Қазақстанның сенімді және стратегиялық әріптесі. Біздің елдерімізді берік экономикалық іргетас пен ортақ тарихи-мәдени байланыстар тығыз байланыстырады.

"Венгрия Қазақстанның ЕО-дағы маңызды сауда-экономикалық әріптесі. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 4,4%-ға өсіп, 200 млн АҚШ долларына жуықтады. Бүгінде жеткізілетін тауар көлемін ұлғайтумен қатар біз экспортқа шығарылатын өнім желісін және өзара жобаларды әртараптандыруға мүдделіміз", - деді Серік Жұманғарин венгр тарапына.

Ынтымақтастықты кеңейту аясында қазақстандық тарап ауыл шаруашылығындағы бірнеше бағытты ұсынды. Қазақстан халықаралық нарықта өзін танытып үлгерді. Жоғары сапалы, экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен экспорттауда зор мүмкіндікке ие. Атап айтқанда, венгр селекциясының тұқымдары мен будандарын бірлесіп өндіруде. Бұл олардың құнын төмендетіп, шаруалар үшін қолжетімділікті арттырып қана қоймай, өнімнің көршілес елдер нарығына шығуына жағдай жасайды.

Вице-премьер венгриялық тарапты алдыңғы қатарлы сүт өңдеу, сүтті мал шаруашылығы, құс шаруашылығы және омарта шаруашылығы салаларындағы жобаларды қарастыруға шақырды. Соңғысына келсек, қазақстандық омарташыларды экспорттық нарыққа шығару үшін ара шаруашылығы өнімдерін танымал ету және тарату бойынша венгр тәжірибесі қатты қызықтырады.

Тараптар сондай-ақ банк секторы, жаңартылатын энергия көздері, машина жасау жобалары және т.б. салалардағы ынтымақтастықты талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Петер Сийяартоны 2025 жылғы 29-30 мамырда өткізілетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Анықтама:

2024 жылы Қазақстан мен Венгрия арасындағы тауар айналымы 195,8 млн АҚШ долларын құрады (2023 жылмен салыстырғанда 4,4%-ға өсті). Экспорт 12,3%-ға өсіп, 5,3 млн долларға жетті. Қазақстаннан Венгрияға экспортталатын негізгі тауарлар тері, қауырсын, мамық, пропилен полимерлер, компрессорлар, желдеткіштер және т.б.

Импорт 4,2%-ға өсіп, 190,5 млн долларды құрады. Венгриядан Қазақстанға әкелінетін негізгі тауарлар – дәрі-дәрмек, ауыл шаруашылығы дақылдарын жинауға және бастыруға арналған машиналар мен механизмдер.