Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық саласы дамып келеді

167

Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық саласы дамып келеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Ел үшін Жолдаудың мән-маңызы айрықша. ауқымы кең, мазмұны бөлек. 


Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов алдағы уақытта жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар, ішкі, сыртқы саясат, қауіпсіздік мәселелерін айқындағанын хабарлады. Президент саяси реформалардың 5 бағытын нақтылап берді. Осы ретте, Жолдаудан туындайтын бірқатар міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ауданымызда тиісті шаралар қабылданып, Жолдауды кеңінен ақпараттандыру бағытында нақты жоспарлар жүзеге асырылатын болады.

Жолдауда айтылған барлық бағыттар бойынша Шиелі ауданында нақты іс-шаралар қабылданып, іске асырыла бастағаны байқалады. Бұған аудандағы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша оң өсім дәлел.


Былтыр аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бағытында және әлеуметтік-экономикалық саласын дамыту жолында біршама жүйелі жұмыстар атқарылды. Өткен жылы аудан бюджетінің кірісі 22 млрд 470 млн теңгеге жоспарланып, жыл қорытындысымен 23 млрд 277 млн теңге болып, 103,6 пайызға артты.


"Аудан экономикасына тікелей ықпал ететін барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде де айтарлықтай өсім қалыптасты. Атап айтар болсам, өнеркәсіп өнімін өндіру – 114,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібі – 101,2 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 103,1 пайызға, инвестициялар тарту – 176,3 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 101,7 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 120,2 пайызға және бөлшек сауда көлемі – 104,2 пайызға артты", – аудан әкімі Нұржан Ахатов.



Айта кету керек, былтыр ауданда 3623 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, 3655 жұмыс орны құрылып, жоспар 100,8 пайызға орындалды. 


Сонымен қатар, жалпы халықтың аз қамтылған бөлігіне қайырымдылық, қамқорлық шараларын ұйымдастыру арқылы әлеуметтік қолдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде есептік кезеңге 5263 отбасына 55 млн теңгеге қайырымдылық көмектер жасалды.


Кәсіпкерлік және инвестиция


Аудан халқы атамзаманнан бейнетке дағдыланған, атақты дала академигінің ізбасарлары еңбек ырғағынан ешқашан жаңылған емес.


Жыл қорытындысымен тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 6 543 бірлікті құрап, 121,3 пайызға артты.


Сондай-ақ, аудан көлемінде жыл басынан бері 1 млрд 332 млн теңгенің 16 жобасы іске қосылып,129 тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылды. 


Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалпы құны 5 млрд 925 млн теңгені құрайтын 770 жоба қаржыландырылды.


Ауыл шаруашылығы


Өткен жылы Шиелі ауданы бойынша барлығы 30 301 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, диқандардың тынымсыз еңбегінің арқасында, егін жинау науқанында аудан «Үздік аудан» номинациясын иеленіп, жоғарғы көрсеткішке жетті. Биылғы жылға 30 511 гектарға егін егу жоспарлануда.


Сонымен қатар, көктем айларында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында, көкөніс, бақша, картоп өнімдерін егуге ниет білдірген аудан тұрғындары үшін 5 мың гектардан астам жерді жыртып, егін егуге дайындалмақ.


Мал шаруашылығында төрт түлік мал басы мен өндірілген өнім көлемінде де тұрақты өсім бар. Айталық, былтыр ауданда мүйізді ірі қараның саны 109,2 пайызға, жылқы109,9 пайызға артқан.


Азық-түлік бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету үшін ауданымызда кемінде екі өнім сақтайтын қойма салуды қолға алуымыз қажет. 


Қазірдің өзінде Шиелі кентінде жобалық құны 170 млн теңге болатын 700 тонна сыйымдылықтағы көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталып, мұздатқыш құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүруде.


Көкөніс сақтау қоймасы


Ауданда жоғарыда атап өткен көкөніс, бақша дақылдарын сақтайтын қойманың болмауы себепті азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында 2023 жылдың ақпан-наурыз айларына жобалық құны 170 млн теңгені құрайтын, сыйымдылығы 700 тонналық көкөніс сақтау қоймасын ашу жоспарлануда. 


Жоба іске асқан жағдайда 14 адам жұмыспен қамтылатын болады. Бүгінгі таңда көкөніс қоймасында монтаждау және салқындатқыш құрал жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Қойманы жабдықтандыру үшін -8, -10 градуста ұстайтын, көлемі 360 куб, сыйымдылық мөлшері 100 тонналық 2 тоңазытқыш сонымен қатар +5 градустағы желдеткіш құрылғылары инвестор тарапынан (Асқар Абрахманович) сатып алыу жұмыстары жүруде. Сондай ақ жеке кәсіпкер Асқар Абрахманович «ТОО Алко Трейд Орда», «ТОО Eridan Trade» мекемелерімен келісім-шартқа отырып, жұмыс жасауда.


Жол тиімділігін ескеру мақсатында аудан әкімдігінің ықпалының көмегімен жүк тасымалдауға арналған арнайы темір жол желісі жүргізілді.


Құрылыс, сәулет саласы


«Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 4 жоба және жергілікті бюджет есебінен 2 жоба іске асырылып, жалпы құны 1,9 млрд теңге қаралды.


Атап айтар болсақ,аудандағы 3 мектептің бу қазандықтарын қайта жабдықтап, газға ауыстыру жұмыстарына 104 млн теңге, Бала би елді мекенінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратына 377 млн теңге, Шиелі кентіндегі Көкшоқы спорт клубының жабық ғимаратына 105 млнтеңге қаржы бөлініп, жұмыстары аяқталды.


Байсын ауылында 250 орындық мектептің құрылысына 762 млн теңге қаржы, Шиелі кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына 524 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 


Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында ауданда «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Көкшоқы мөлтек ауданында 18 пәтерлі 4 тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр.


Сәтін салса, биыл көктем айларында 72 отбасына пәтер кілті табысталатын болады. Әрі, кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға арнап,Шұғыла мөлтек ауданынан 20 тұрғын үйдіпайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – аудан әкімі Нұржан Ахатов.


Тағы бір айта кетерлігі, биыл«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 414 млн теңге қаржы бөлініп, 80 жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несиелер беріледі.


Сондай-ақ, аудан тұрғындарымен кездесулерде көтерілген өзекті мәселелерді жинақтап, жан-жақты саралап, тұрғындардың өтініштерін қанағаттандыру мақсатында бірлескен жұмыстар жүргізілуде. 


Осы ретте, аудан орталығына басымдық бере отырып, басты 12 көшеге абаттандыру, көркейту-көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру, инфрақұрылым жүйелерін жаңарту, жаяу жүргінші жолдарын қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен қаржы қаралмақ.


Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы автомобиль жолдары


Аудан бойынша жол инфрақұрылымын одан әрі жақсарту, дамыту мақсатында биылғы жылы бірқатар жобалар іске асырылуда.


Шиелі ауданының аумағында жалпы ұзындығы 323,4 км құрайтын автомобиль жолдары бар. Былтыр жол инфрақұрылымын одан әрі жақсарту, дамыту мақсатында 1 млрд 960 млн теңгеге Бестам, Н.Бекежанов ауылдары мен Шиелі кентіндегі жолдар және Тәжібаев (құрылысы жүруде), Бидайкөл ауылдарындағы көпірлер сынды бірқатар жұмыстар іске асырылды. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы бойынша кент және елді-мекендердің көшелерін жөндеуге 511 млн теңге қаржы бөлінді. Бұған қоса, кент ішілік көшелерді жөндеуге облыс әкімінің тікелей қолдауымен облыстық бюджеттен 563 млн теңге қаржы қаралып отыр. 


Сондай-ақ, Сұлутөбе елді-мекеніне кіре беріс жолды күрделі жөндеуден өткізуге 264 млн теңге қаржы жұмсалмақ.


Сонымен қатар, «КАП логистик» ЖШС-ның «Шиелі – Сұңқар» филиалы есебінен Еңбекші жолының 13 шақырымына 2 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жоспарланып, ағымдағы жылға 6 шақырымын жөндеу үшін 1 млрд теңге, одан өзге, аудандық вокзалдан Көкшоқы мөлтек ауданына баратын темір жол бойындағы көшені жөндеу үшін 300 млн теңге, кенттегі Ж.Тұрабаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдарын орнатуға 38 млн теңге қаржы бөлінді.


22 ауылдық округтерге электр-энергиясының қуатын арттыру үшін қосалқы станция орнатуға аудандық бюджеттен 79,2 млн теңге қаражат бөлініп, барлық ауылдық округтерге трансформаторлар алынды. 


Кенттің ішкі желілерін қайта жаңғыртуға жоба сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынып, тиісті министрлікке ұсынылды. Жобаның жалпы құны 808 млн теңге. 


Сонымен қатар, аудандық электр желілері станциясын күрделі жөндеуге 4,5 млрд теңге қаржы қарастырылуда.


Газдандыру


Бүгінде Шиелі кенті және Ы. Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н. Бекежанов, Ш. Қодаманов, Ақмая, Алғабас ауылдары, яғни аудан халқының 68 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. 


Жалпы құны 1 млрд 62 млн теңге болатын - 4 елді мекенді газбен қамтамасыз ету бойынша жобалар тиісті министрліктерге тапсырылып, оның ішінде Еңбекші (270 356 мың теңге) және Жиделіарық (172 157 мың теңге) елді мекендерінің жобасы қолдау тауып, жалпы республикалық бюджеттен 442 млн 513 мың теңге қаржы қаралды.


Сондай-ақ, Алмалы және Ә.Тәжібаев елді мекендерін газ құбырының және орамішілік газ тарату желілерінің құрылысын жүргізуге барлығы 1 млрд 710 млн теңгеге бюджеттік өтінім тиісті министрлікке тапсырылды. 


Өткен жылы құны 2,1 млрд теңгені құрайтын Мұстафа Шоқай автоматты газ реттегіш станциясының құрылысы басталды. Тартоғай (демеушілер есебінен), Майлытоғай елді мекендерінің (ішкі және сыртқы магистралды газ құбыры) жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. Аудандық бюджеттен 23,1 млн теңге қаржы бөлінді.


Ендігі ретте, көгілдір отынның игілігін көріп отырған елді мекендер қатарын одан әрі арттырып, биыл 6 елді мекенде, атап айтқанда Еңбекші, Жиделіарық, Алмалы, Тәжібаев, Бестам, Досбол би елді мекендерінде газ жүйесінің құрылысын бастау жоспарымызда. Бүгінде Еңбекші, Жиделіарық елді мекендерінде тиісті жұмыстар басталып та кетті.


Жоғарыда аталған жобалар іске асқан жағдайда аудан халқының 85 пайызы газбен қамтылатын болады.


Ауыз су мәселесі


Бүгінде Шиелі ауданы бойынша сапалы ауыз сумен 34 елді мекеннің 88 пайызы қамтамасыз етілген. 

2023 жылы Шиелі кентіндегі және Алғабас ауылындағы 2 мектептің бөлек бу қазандықтарын газға ауыстыру жұмыстары басталады. 2 жобаның құны 94 млн 515 мың теңге.

Ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша: Бүгінгі күнде Шиелі ауданы бойынша сапалы ауыз сумен 34 елді мекеннің 88 пайызы, 85 мыңнан аса тұрғынның 98 пайызы қамтамасыз етілген.

Оның ішінде, орталықтандырылған ауыз су жүйесімен 23 елді мекен, жергілікті су көздері (скважина) арқылы 7 елді мекен қамтылған.

Дегенмен, Қызылқайың, Қосүйеңкі елді мекенінің тұрғындары әлі күнге дейін сапалы ауыз суға толықтай қол жеткізе алмай келген болатын. Осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін, біз биыл 2 елді мекенге де ауыз су жүйесін жүргізу жоспарлануда. Бұл үшін тиісті министрлікке бюджеттік өтінім тапсырылды.


Білім саласы


Аудан бойынша білім саласында жұмыстар тиісті стандарттарға сәйкес атқарылуда. Ауданда 42 мектеп жұмыс жасайды, екеуі (Samgau school, Ziyatker school) жеке мектеп, қалғаны мемлекеттік мектеп. 


Оқу процесі екі ауысымда жүргізіледі. Аудан бойынша үш ауысымдық және апатты мектептер жоқ. Жансейіт елді мекеніндегі 100 орындық мектеп құрылысына болжамды жоба құны 990 млн теңгеге облыстық бюджетке тиісті құжаттар өткізілді.Сонымен қатар, аудан орталығынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында 900 орындық мектеп құрылысын салуға ЖСҚ-ы әзірленуде.


Айта кету керек, ауданда білім мен спорт салаларында биыл іске асырылатын үлкен жобалар бар. Қазіргі таңда Байсын елді мекенінде 250 орындық мектептің, Шиелі кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. 

Сонымен қатар, келер жылы аудан орталығынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында 900 орындық заманауи құралдармен жабдықталған мектеп құрылысы басталмақ.


Денсаулық саласы


Амбулаториялық емханалық мекемесі медициналық қызметтің 27 түрі бойынша мамандандырылған көмек көрсетеді. Биыл аудан бойынша үш елді мекенде 1,3 млрд теңгеге (Бала би жоба құны 442 млн теңге, Досбол би жоба құны 439 млн теңге, Бұланбай бауы жоба құны 417 млн теңге) медициналық амбулаториялық ғимараттардың құрылысы жүргізілетін болды. 


Сонымен бірге 2024 жылға өтпелі Тәжібаев, Ортақшыл, Алмалы, Тартоғай, Бестам елді мекендерінде дәрігерлік амбулатория құрылысын салу жоспарланып отыр. Шиелі кентінен 30 төсектік инфекциялық корпус құрылысы жобасының ЖСҚ әзірлеуге 12 млн 145 мың теңге, ЖСҚ-сын мемлекеттік сараптамадан өткізуге 1 млн 354 мың теңге қаржы қаралды.

«Бірінші байлық-денсаулық» деп дана халқымыз айтпақшы, алдағы 2 жылда денсаулық саласында да үлкен өзгерістер мен ауқымды жобалар іске асырылмақ. 

Атап айтқанда, 2023-2024 жылдары 8 бірдей елді мекенде амбулаториялық ғимараттардың құрылысы және аудан орталығынан жұқпалы ауруларға арналған аурухана құрылысы жүргізіледі. 

Мұнан бөлек, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биыл ауданда 18 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысын толықтай аяқтап, 72 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.


Мәдениет және спорт саласы


Аудандағы мәдениет саласындағы Бестам, Шиелі кенті және Сұлутөбе елді мекеніндегі 3 жобаға (Бестам ауылында 150 орынды клуб, Шиелі кентіндегі Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығы ғимаратын күрделі жөндеу, Сұлутөбе елді мекеніндегі ескі мектепті 50орындық өнер мектебіне қайта бейімдеу) республикалық бюджеттен 985 млн теңге қаражатқа бюджеттік өтінім тапсырылды.

Былтыр облыс әкімнің тапсырмасына сәйкес, балалар жылы аясында демеушілер есебінен 6 ойын және жазғы спорт алаңдарын пайдалануға бердік. 

Кенттің теріскей бетіндегі спорт сауықтыру кешенінің құрылысына 397 млн теңгеге облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды.

Аудандық бюджет есебінен орталық стадионды күрделі жөндеуге ЖСҚ-ы әзірлеуге 3,8 млн теңге қаражат бөлініп, сараптаманың оң қорытындысы алынуда.


Қылмыстылық жағдай бойынша


Аудан көлемінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында биыл жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтың тіркелуі былтыр 21,9 пайызға төмендеді.

Оның ішінде, ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері 14,6 пайызға, бөтен мүлік ұрлығы 9,1 пайызға, мал ұрлықтары 15,8 пайызға, пәтер ұрлықтары 62,5 пайызға, бұзақылық қылмыстары 7,5 пайызға азайды.


Қоғамдық саяси ахуал


Аудан бойынша қоғамдық саяси ахуалды тұрақты ұстап тұру мақсатында өзекті мәселелерге қатысты ауданның шиеленіс картасы жасалып, тиісті құқық қорғау және құзырлы органдарымен мәселені шешу бағытында өзара байланыс орнатылған. Күнделікті ауданның тыныс тіршілігі, қоғамдық ахуалы бақылауға алынған.