Отандық көліктерді ресейліктер сатып алып жатыр – министр тапсырма берді

298
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ресейліктер Қазақстаннан жаппай көлік сатып алып жатыр деген ақпаратқа пікір білдірді,- деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Үкімет отырысынан кейін журналистер отандық нарықтағы көлік тапшылығы туралы сұрады.

"Қазір ресейліктер жаппай қазақстандық көліктерді сатып алып жатыр. Мысалы, Қостанайда көлік сату көлемі он есеге өсті. Ал сіздер 4 проценттік автокредит береміз дейсіздер. Сонда ақша бар, ал көлік жоқ. Осыны қалай шешуге болады?", - деді тілшілер.

Министрдің айтуынша, бүгінде автокредит алуға өтінім берген қазақстандықтар онсыз да бірнеше ай күтуге мәжбүр. Ондай проблема бұған дейін болған. Ал ресейліктер жаппай көлік сатып алса, кезекте тұру мерзімі ұзаруы керек.

"Шынымен де, сіз дұрыс мәселе көтеріп жатырсыз. Қазір сатып алушы үш-төрт ай кезек күтеді. Дәл осы мерзім өзгерсе, онда тиісті шара қолданамыз. Қазір жұмысқа барып, нақты тапсырма беремін. Отандық көліктерді қазақстандықтар алатындай етіп жасауымыз керек", - деп атап өтті Өскенбаев.

Айта кетері, бүгін үкімет жеңілдетілген автокредит бағдарламасының негізгі шарттарын бекітті. 

Олар:
сыйақы мөлшерлемесі – 4%;
кредиттеу сомасы – 10 миллион теңгеден артық емес;
қаржыландыру мерзімі – 7 жылдан артық емес;
бастапқы жарна – 0 % бастап;
көлік құралының құны – 15 миллион теңгеден аспайды.

Автокредитті екінші деңгейлі банктер береді. Бірақ бағдарламаға қатысатын банкте электронды кезек болуы керек.

"Қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін министрліктермен міндетті шарт көзделген. Оған сәйкес екінші деңгейлі банктерде қарыз алушыларға қаржыландыруды ұсынудың мәртебесі мен мерзімін қадағалайтын автоматтандырылған жүйе болуға тиіс", - дейді министрлік мамандары.

Сондай-ақ қарыз алушыға екі жылдың ішінде бір реттен артық автокредит алуға тыйым салынады.