Қаржы министрі қанша адамның жауапқа тартылғанын айтты
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев салада жауапқа тартылған лауазым иелері туралы айтты.
"Мемлекеттік аудит бойынша айтатын болсам, 2020 жылы 10,4 трлн теңгеге 1,4 млн-нан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі камералық бақылаумен қамтылды. Қорытындысы бойынша 983 млрд теңгеге ереже бұзушылықтар ескертілді. 251 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның 74 пайызы бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті жүргізу кезінде ереже бұзушылықтарға тиесілі", - деді Ерұлан Жамаубаев халық алдында есеп беруі кезінде.
Оның айтуынша, тауарларды жеткізуді, қызметтерді көрсетуді және жұмыстарды орындауды қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 237 млрд теңгеге кемшіліктер жойылды.
"251 материал құқық қорғау органдарына жіберілді, ал ереже бұзушылықтарға жол бергені үшін 2 349 лауазым иесі жауапқа тартылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін арттыру үшін 1 950 ұсыным берілді", - деді министр.