Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы тауар айналымы 382 миллион долларға жетті
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Астанада Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасының Премьер-Министрі Андрей Назаров бастаған үкіметтік делегациямен кездесу өткізді. Кездесу барысында сауда, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, логистика, туризм және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы өңіраралық тауар айналымы белгілі бір өсім көрсете отырып шамамен $382 млн болды. Бұл ретте тауар айналымын одан әрі арттыруға және жеткізілетін тауарлар түрлерін кеңейтуге әлеует бар.
Үкімет басшысы өнеркәсіптік кооперация саласындағы бірлескен жобалардың саны артып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, бүгінде Қостанай облысында «Уральский пружинный завод» ЖШҚ-ның өндірісін локализациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Башкирская содовая компания» АҚ-мен жалпы сомасы шамамен $716 млн болатын екі ірі жоба бойынша ынтымақтастық орнатылуда.
«Қазақстан Үкіметі башқұрттық кәсіпкерлерге инвестициялық жобаларды іске асыруда қажетті қолдау көрсетуге дайын», - деді Әлихан Смайылов.
Өз тарапынан Андрей Назаров Қазақстан мен Башқұртстанның аймақтарын түрлі салалардағы көп жылдық тығыз ынтымақтастық байланыстыратынын атап өтті. Сонымен бірге оны одан әрі кеңейтуге жеткілікті әлеует бар.
«Біз қазақстандық бағытта Башқұртстан үшін және жалпы еліміз үшін, Қазақстан үшін де үлкен мүмкіндіктер көріп отырмыз. Сондықтан біз қарым-қатынасымызды әрі қарай нығайтып, жаңа бағыттар мен даму нүктелерін қосқымыз келеді», - деді Андрей Назаров.