Қызылордалық кәсіпкер жылына 200 тонна пенопласт өндіру арқылы аймақ дамуына өз үлесін қосуда
Қызылордалық отбасы пенопласт өндіру кәсібімен айналысып, өңірдің экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қызылорда қаласында қазір құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Соған сай жергілікті құрылыс өнімдеріне деген сұраныс жоғары. #ӘрекеткеБерекет айдарының келесі кейіпкері – өз кәсібі арқылы аймағымыздың дамуына үлесін қосып жүрген «CK AYA-ZHAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Мекеме 2019 жылдан бастап пенопласт және полистирол бетон өндірісімен айналысып келеді. 2022 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік бағдарламаның көмегімен, яғни «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы арқылы 10 млн теңгеге қолдау алып, шикізат сатып алған. Бүгінде 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
"Бұл – отбасылық кәсіп. Цехта өндірілген өнімнің қуаттылығы жылына 200 тоннаны құрайды. Пенопласт Ресейден сатып әкелінетін полистирол материалынан өндіріледі. Қыс мезгілінде үйді жылы, жаз мегілінде салқын ұстап тұру үшін құрылысқа қолданатын пенопласт өніміне құрылыс компаниялары мен жергілікті тұрғындардың сұранысы жоғары. Шығарылған пенопласт өнімдерін облыс аудандарына, Түркістан, Жезқазған, Шымкент, Ақтөбе облыстарының тұтынушыларына да жіберудеміз. Алдағы уақытта құрылыс материалдарының барлық түрін шығару арқылы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз", – дейді мекеме директоры Нұржан Болатұлы.
Пенопласт - басқаша айтсақ пенополистиролдың тарихы сонау 1839 жылы Берлинде басталған. Дегенмен сол уақытта дәріханашы Эдуард Симон ашқан жаңалықты пенопласт деуге әлі ерте еді. Түрлі жылдары ғалымдар ашқан жаңалықтармен жетіле келе, пенопласт тек 1930 жылы ғана өндіріле бастады. Содан бері құрылыс индустриясы бұл материалды кәдесіне жаратып келеді.
Пенопласт, көбікті пласт — газбен толтырылған пластмасса. Пенопласт көбікті (пенопласт) және кеуекті (поропласт) деп бөлінеді. Пенопласттың жеңіл (тығызд. 5,0 г/см3), өте жеңіл (тығызд. 5,0 — 8,0 г/см3) және эластиктік, қатаң, жартылай қатаң түрлері де алынады. Пенопластты алу технологиясы композицияны дайындау процесінен, полимер жүйесіне газ фазасын енгізуден, көбіктенген массаға қажетті қалыпты беруден тұрады. Пенопласттың жанғыштығы, жылу және химия төзімділігі оны құрайтын полимердің табиғатына, ал су, ылғал сіңіргіштік, электрлік қасиеттері макроқұрылымның морфологиясына байланысты. Пенопласт — жеңіл жабдықтауда және жылуоқшаулағыш материал ретінде қабырға панельдерінде, тоңазытқыш, мұздатқыш, рефрижераторларда, т.б. пайдаланылады. Суды нашар сіңіретіндіктен қалқыма бұйымдар (бакен, понтон), құтқарушы құралдар (сал, белдік, кеудеше) және жеңіл қайық, катер, т.б. жасауда қолданылады. Газдар мен сұйықтар сүзгіш және орағыш материал ретінде пайдаланылады.