Қызылордалық жастар өз кәсіптерінің жемісін көруде
Қызылорда облысына қарасты Қармақшы ауданының жалынды жастары кәсібінің нәтижелі жемісін көруде,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
«Армандай біл, ол – тегін ғой» деген ұстаным қоғамда кең тарады. Расымен, арманның адам қанаты екенін білсек, армандауға болмас па? Ал егер оны жүзеге асырсақ, тіпті бөлек әңгіме. Жазғалы отырған жайдың жалғасы сол арманмен қанаттанып, бүгінде бір-бір кәсіптің иесі болып отырған жандар жайында болмақ.
Қазіргі қоғам нені көтермейді? Әрине, жалқаулықты, «Алма піс, аузыма түс» деп бос сенделуді. Өйтпеске не істемек керек? Енді қараңыз, кәсіп ашу дегенде алдымен адамда қорқыныш басым болады. «Бастай аламын ба? Қалай жүзеге асырамын?» деген сауалдан санасын арашалай алмайды. Мұндайда бізге жігер керек. Айқын мақсат пен нық сенім қажет. Одан соң мемлекет берген мол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, сол арманның жүзеге асуына қарекет етуі тиіс. Ондай жандар біздің ауданда жоқ емес. Солардың бірі – біз арқау етіп отырған жастар.
«EvaPolik» көптің көңілінен шығуда
«Қалауын тапса – қар жанады» деген осы екен ғой. Тәуелсіз елдің жастары қоғамның айнасы іспетті. Өйткені жастардың атқарған қызметі арқылы елдің болашағын бажайлай аламыз. Қазір масылдық санадан сәл де болса ажырап, екі қолға бір күрек алғандардың қатары артуда. Жасыратыны жоқ, ауданда кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде. Ал жаңа жобамен тың кәсіптің көзін тапқан Айдын Жыланбасовты бірі білсе, бірі білмейді.
Ол аудан тұрғындарының көлігін жаңа стильде сәндеу мақсатында «EvaPolik» автотөсеніштерін жасауды қолға алды. Солай өз қаражатымен кәсібін бастап отыр. Тұрғындар енді ғана үйренісіп жатыр. Әлеуметтік желідегі белсенділігі арқылы тұтынушыларын да жинау үстінде. Ал соңғы үлгідегі бұл төсеніштер автокөліктің барлық түріне жасалынады екен. Жалпы автомобиль төсеніштері – бұл автомобиль салонын қорғаудың жаңа, инновациялық және стильді тәсілі. Төзімді төсеніштер барлық пішіндер мен қисықтарға мұқият жабысады, оларды алу, жуу оңай, интерьердің эстетикалық көрінісін сақтайды.
«Төсеніштер автокөліктің әр маркасы мен моделі үшін жеке үлгілерге сәйкес тігіледі. Олар жүргізуші мен жолаушыларға ең жоғары деңгейдегі жайлылықты қамтамасыз ететіндігімен, эстетикалық және сыртқы келбетімен ерекшеленеді. Сонымен қатар олар қаптамаға кірдің түсуіне жол бермей, автомобильдің барлық төменгі қаптамаларын толығымен жабады. Бұл химиялық тазарту қызметіне жүгінбестен, кір мен құмды оңай кетіруге мүмкіндік береді. Олар өте төзімді, кірді сіңірмейді, тығыз жабысады және оңай кетіріледі. Төсенішті тазарту да оңайырақ», – дейді жас кәсіпкер.
Оның айтуынша, төсеніштер беріктікке, ылғалға, кірге және басқа да көптеген қатал факторларға төзімділікке ие. Температура өзгерісіне төзімді. Солтүстіктің қақаған аязына қалай шыдаса, оңтүстіктің шыжыған ыстығына да солай шыдас береді. Салмағы жеңіл. Экологиялық таза материал. Ал бұл материалдардың медицинада көбірек пайдаланылуы адамға зиян еместігінің дәлеліндей.
«Кәсіп бастау бірден нәтиже бермесе де талап пен төзімділік қажет. Ең бас¬тысы, ешқашан берілмеу керек. Ерік-жігерің мықты болса, қателіктен қорықпай, қайтпасаң түбі жеңіске жетесің. Кәсіпкерге қажет ең басты қасиет – табандылық. Табандылық – табыстың кілті. Сондай-ақ, бизнесте табысқа тезірек жетуде жан-жақтылық керек. Ең басты өнім – өзің. Ендеше әрекет – бізден, берекет – Алладан», – дейді талапты жас.
Әзірге Айдын кәсіпте жаңадан қадам басқанымен алдағы уақытта көкжиегін кеңейтпек. Мемлекеттік бағдарламаларға да қатысып, бағын сынамақ ниетте. Әрине, алдымен кәсіпкердің өнімі сапалы болуы шарт. Сонда ғана оған сұраныс арта түседі. «Арманда, қанаттан, жүзеге асыр!» деген ұстанымды серік еткен жас кәсіпкер болашақта кәсібін одан әрі дамытқысы келеді.
Қармақшыда «Rocky boxer» бар
Қалаларда қыз-жігіттердің дәл осы құрылғыны ұрып, күшін сынап жатқанын көретінбіз. Қалтаңда аз-маз тиының болса болғаны, әлгіге саласың да, білектегі күшіңнің мықтылығын көресің. Жаныңдағыларға дәлелдейсің. Қалаға жолы түскен ауылдағы жігіттер соны ұрмай кетпейтіні бар-тын, ендігі ол аппарат қазір Жосалы кентінде тұр. Қандай да бір істі бастамас бұрын адамға алдымен бірқатар қабілет керек. Соның бірі – ұйымдастыру, іздену. Сондай қабілетті бойына жиған, халыққа қызмет етіп, мүлт кетпеген мүмкіндікті тиімді пайдаланған жанның бірі – Жосалы кентінің тұрғыны Мейрбек Төлепбергенов.