Еліміздің 197,6 мың гектар алқабына картоп егілді

1 351

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елімізде жыл сайын ерте пісіп жетілетін дақылдардың алаңы ұлғайғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Биыл облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша көкөніс дақылдары 173,5 мың гектарға, картоп 197,6 мың гектарға егілді. Жалпы, көкөніс дақылдары мен картоптың жалпы өнімі ішкі нарықты қажет көлеммен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Е. Қарашөкеев.


Сонымен қатар ол маусымаралық кезеңде өніммен қамтамасыз етуде проблема бар екенін мойындады.


«Негізгі тапшылық сәуір-мамыр айларында болады. Маусымаралық кезеңде халықты өз өнімдерімен қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданады. Біріншіден, жыл сайын ерте пісіп жетілетін дақылдардың алаңы ұлғайып келеді. Былтырмен салыстырғанда ерте пісіп жетілетін көкөністердің егіс алқабы 2,8 мың гектарға өсті және әкімдіктердің жедел деректері бойынша осы жылы 27 мың гектарды (2022 ж. – 24,3 мың гектар) құрады. Оның ішінде картоп егістігі 2,5 мың гектарға (2022 ж. – 10,6 мың гектар), қырыққабат 150 гектарға (2022 ж. – 8,2 мың гектар), пияз 100 гектарға (2019 ж. – 3,3 мың гектар) ұлғайды. Екіншіден, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жылыжайлардың алаңы 1,2 мың гектарды құрады. Жылыжайда өсірілетін қызанақ пен қиярдың жалпы өнімі 177,5 мың тоннаға жетті», - деді министр.


Оның сөзіне қарағанда, кейінгі үш жылда өнеркәсіптік жылыжайлардың алаңы 31,7 гектарға ұлғайды және 2022 жылдың қорытындысы бойынша 218,9 гектарды құрады.