Қызылордалық кәсіпкер экоөнім өндірісін дамытуда

1 314

Қызылордалық жас кәсіпкер Самал Смаилова «Eco Green» бренді аясында экоөнім өндірісін қолға алып дамытуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бизнесті бастамас бұрын Самал жергілікті тұтыну нарығына талдау жасаған.


"Айналдырған 3 айда инстаграмның ғана көмегін пайдаландық. Жазылушы аз болғанымен бір клиент жүрген жерінде айтып, ондаған клиент әкелетін болды. Бәрімен сөйлесе келе көзімнің жеткені, қызылордалықтар ғана емес, жалпы адамдар қазір өз денсаулығына бейжай қарамайды. Сондықтан көбі дұрыс тамақтануды таңдаған", – деді ол.


Кәсіпкер жақында «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне қатысқан. «Қызылордадан да осындай шыға ма?» деп таңғалыпты көргендер. Иә, әзірге облыс орталығында ғана шығып жатыр. Енді өңірге, сосын ел аумағына тарату ойда бар.


Өнімнің негізі – сұлы жармасы. Сонымен қатар  микро-макро элементтерге бай  жаңғақ, дәндер қосылады. Алдағы уақытта өнім түрлілігі артады. Мюсли таңғы асын, арпа-бидай, күріштен  өнім шығармақ.


"Экоөнім, аты айтып тұрғандай, таза, қоспасыз. Құрамында қант, маргарин май, қопсытқыш жоқ. Чипстерді жаңазеландиялық құрылғымен кептіреміз. Өйткені бұл ел пластикадан, зиянды материалдардан бас тартқан. Пастила тіскебасары жеміс пюресінен жасалып, сол құрылғыда  кептіріледі", – деді кәсіпкер.


Барлық бала бас тарта алмайтын чипстің орнын «Eco Green» өнімі ауыстыра алады.