Орманды қорғауға резервтен 1,2 млрд теңге бөлінбек

1 578

Экология және табиғи ресурстар министрлігіне 2023 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Үкімет резервінен 1 200 628 517 теңге бөлінбек, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Үкіметтің тиісті қаулысының жобасы «Ашық» НҚА порталында жарияланды.


«Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігіне 2023 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 1 200 628 517 теңге сомасында қаражат бөлінсін. Оның ішінде: 939 377 517 теңге ормандарды өрттен авиациялық қорғау үшін қосымша 923 ұшу сағатын сатып алуға; 261 251 000 теңге Абай облысында ірі өрттерді сөндіру кезінде істен шыққан өрт және трактор техникасын жөндеуге, сондай-ақ жанармай сатып алуға бөлінеді», - делінген құжатта.


Бұл тұрғыда Экология және табиғи ресурстар министрлігіне осы қаулыда қарастырылған тапсырмаларды орындау жүктелді.


Ал, Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылайды.


Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.