Утиль алым реформасы көлік бағасына қалай әсер етеді – сарапшы пайымы

506
Утиль алым реформасы көлік бағасына қалай әсер етеді? Бұдан қарапайым тұрғындарға қандай игіліктер бар? Көлік нарығына қалам тербеп жүрген сарапшы Олжас Оқас осы сұрақтарға өз пікірін білдірді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Утиль алым реформасы туралы Президенттің аузынан шыққан сөзді сан саққа жүгіртіп, сырттан тон пішіп жатқандар көп. Бұл бастамадан не күтуге болады деп ойлайсыз?

- Ел арасында қате түсінік те жоқ емес. Утилизациялық алымды жойса, бүкіл маңызды мәселелер шешіліп кететін сияқты қуанып жатыр. Негізінде олай емес. Мысалы, көбіміздің Camry алғымыз келеді ғой. Бірақ жаңа, жақсы Camry алғысы келетін адам ол утиль алымға қарамайды. Яғни, ақша керек, ең бастысы. Ал оған ақшасы жетпейтін адамның утиль алым жойылса да, қолы жетпейді. Тек ескі көлікті қанағат тұтады. Сонда кедендік, утилизациялық алым дегендер екінші қатардағы мәселе. Мемлекет утиль алымды түгелдей жойып тастай алмайды. Өйткені мемлекеттің инвесторлар алдындағы міндеттемесі бар. Қостанайдағы, Алматыдағы зауыттарда көптеген марканың модельдері жасалып жатыр. Утильді түгелдей алып тастаса, олардың өнімін Қазақстанда ешкім сатып алмайды. Ал олар Қазақстанға үлкен ақша құяр алдында келісімшартқа қол қойған. Қазақстанда олардың бұл тұрғыдағы мүддесі заң аясында қорғалады деген мағынада уағдаластықтар болған. Сондықтан толықтай алып тастамайды. Қазір комиссия құрылды ғой. Бұл мәселе бірден шешілмейді. 1-2 айға созылуы мүмкін. Өйткені мемлекеттің бірнеше қаулысы керек, сосын экоталап бойынша нормаларды өзгерту керек. Утиль алым болған соң тек қана жеңіл көлікке емес, ауылшаруашалық техникаға да байланысты, электромобильдерге де қатысты. Осының бәрін дұрыстау үшін біраз уақыт керек. Ресейдегі жағдайды назарда ұстайды. Өйткені утиль алымды мүлдем жойып тастаса, Ресейдің бүкіл қаңсығы бізге келеді. Қазір Ресей көлігінің ағылуын утиль алым ғана ұстап тұр. Мысалы «Грантаның» бағасы 5 млн теңгеден асып кетті. Утиль алымды жойса, 4 млн болуы мүмкін. 1 млн теңге деген көлікке қолы жетпей жүрген адам үшін едәуір айырма. Адамдар ойланып қалуы мүмкін, қанша дегенмен жаңа машине ғой.

- Утиль алым қазір көліктің қозғалтқыш көлеміне, шығарылған жылына байланысты есептеледі ғой. Кейбір бастамашылар соның орнына 100 мың теңге көлемінде қатып қалған ортақ алым мөлшерін белгілеуді ұсынып жатыр. Сіз бұған не дейсіз?

- 100 мың теңге болу керек деген Еуропамен салыстырып айтылған уәж ғой. Бірақ Еуропада бұл тетік сәл басқаша. Жалпы утиль алым сияқты тетік әр елде әр түрлі аталады. Біздің елде ғана оның атауы утиль алым. Басқа жақтарда қосымша құн салығы арқылы, кедендік баж арқылы реттейді. Мысалы Жапонияда «паркинг» талабы бар. Ол да утиль алым сияқты тетік. Паркингің болмаса, көлік иеленуге құқығың жоқ. Өйткені мемлекеттің аумағы кішкене, орын жоқ деген сияқты. Меніңше, утиль алым мөлшерінің тең ортасын тауып белгілеу керек. Өте арзан болса, қазақтың ақшасы Грузия, Армения, Ресейге кетіп қалады. Мен сөйтіп айтсам, көбі сен «нұрботсың», «кейбір бизнес топтардың сөзін сөйлейсің» деп шыға келеді. Ешкімнің қолшоқпары емеспін. «Бар болғаны экономикаға жаным ашиды» деп жауап беремін. Өйткені өзімізде өндіріс болмаса, жалпы ішкі өнім болмайды. Жалпы ішкі өнім болмаса, бәріміз қайыршыға айналамыз. Қазір өндіріс бар. Иә, көптеген модельдер «СКД» технологиясы бойынша шығады. Бірақ CTD, яғни, ұсақ торапты құрастыру, жинақтау технологиясы да қолға алынып жатыр. Алматыда Hyundai Accent осы технология бойынша құрастырыла бастады. Ондай зауыттарда он мыңдаған адам жұмыс істейді деген сөз. Егер утиль алымды түбегейлі алып тастаса, біздің ақшамыз шетелге кетеді де, мына жақта шығарылып жатқан көліктерді ешкім алмайды. Сосын инвесторлардың алдында қарабет боламыз. Ертең Hyundai, КІА, Chevrolet сияқты компаниялар келмейтін болады.

- Утиль алымды алып тастаса, көлік арзандайды деген болжам рас па? Көлік арзандауы үшін утиль алым тетігін қалай реттеу керек?

- Утиль алымды алып тастау үшін алдымен нарықты ұсыныспен толтыру керек. Оған жоқ дегенде бір жыл уақыт қажет. Нарыққа жаңа машиналар қаптап, тозығы жеткен Audi, Mazda-ларды ығыстыру үшін, олардың мүлдем бағасы түсіп кетуі үшін бір жылдай уақыт керек. Бірақ алып келетін машиналардың көбі Дубайдан, АҚШ-тан келеді. Оны алдын ала біліп отырмыз. «Соғылған, аударылған машиналарды арзанға әкеп, мына жақта әрлеп сатады» деген сөз. Бағаның қаншалықты арзандайтынын әзірге болжау мүмкін емес. Өйткені комиссия енді ғана құрылып жатыр. Олар бизнес қауымдастықпен, сарапшылармен сөйлеседі. Қарапайым халықтың да өтінішін естен шығармайды. Сондықтан, біраз уақыт кетеді. Қалай болғанда да экономикаға кері әсері тимесе болды. Егер утиль алым мөлшерін қатты төмендетіп тастаса, кері әсері болатыны анық.

- Қатты төмендету деп қандай мөлшерді айтып отырсыз?

- Мысалы 50 доллар болса, кері әсері міндетті түрде болады. Кейбір популистер 50-100 доллар болу керек дегенді айтып жүр. Басқа ешқандай алым болмауы керек дейді. Ондай болса, шетелден қалаған көлігіңізді оң-оңай әкеліп, тіркейсіз. Бірақ ақшаның бәрі шетелге кетеді. Соғылған мәшинелер көп кіреді. Экологиялық талаптарға жауап бермейтін көліктер қаптауы мүмкін. Бір жағынан оның бәрі реттеліп жатыр ғой. Утиль алымды мүлдем алып тастау – бір күндікті ойлау. «Қазір жақсы машина тепсем болды. Ар жағында не болатынын көре жатармыз» деген ниет қана.

- Онда бұған дейін алынып келген утиль алымның мөлшері қаншалықты әділетті болды?

- Қазіргі мөлшер Ресейдегі алыммен 100 пайыз бірдей. Ресейде қандай, бізде де дәл сондай. Жалпы 2015 жылы біз утиль алымды Ресейге жауап ретінде енгіздік. Оған дейін болмаған. Өкініштісі, бұл ақшаның бәрі жеке компанияның шотына кетіп отырды. Енді мемлекетте аккумуляцияланады. Мен соған қуанып отырмын. Тек қана соған қуанып отырмын. Енді ол ақша бюджетке құйылуы керек. Ал оны тиімді басқарып, өндірісті дамытуға бағыттау басқа мәселе. Мысалы, осы алымнан түскен ақшаны қолжетімді автонесие ретінде 3-4 пайызбен беру керек. Онда тіпті утилизацияның да қажеттігі болмай қалады. Сәл ескірген көлікті Қырғызстан, Өзбекстан азаматтары өздеріндегіден арзан бағамен әкетіп отырады. Ал қазақтар 4 пайызбен қайтадан жаңа машина әкеліп отырады. Сонда біз Біріккен Араб Әмірліктері сияқты реэкспорттаушы мемлекет боламыз. Олар жаңа машина алады да, сәл ескірсе, Африкаға өткізіп отырады. Мысалы, утиль алымнан қорға 200 млрд теңге жиналды ғой. Сол ақшаға автожүгізушілерді қолдау ретінде автонесие бағдарламасын қолдау керек және жаңа несие түрлерін ойлап табу керек. Бір ғана мысал келтірейін, Ресейдің өзінде «Алғашқы автомобиль» және «Отбасылық автомобиль» деген бағдарламалар бар. Олар өздерінің Lada маркалы машиналарын алғаш рет көлік алғалы тұрған кез келген Ресей азаматына 2 пайызбен береді. Оны елдің кез келген нүктесіне жеткізу қызметі де бар. Сондай бағдарламалар керек. Қазір утиль алымның ақшасын тиімді басқаратын мемлекеттік орган тағайындалып жатыр. Содан кейін мемлекеттің бірнеше қаулысы шығып, заңнама өзгертіледі.

- Сонда «утиль алым жойылса, арзанға көлік алатын болдым» деп жүргендерге не істеу керек?

- Осы реформаның тоқетер түйінін күту керек. Утиль алым қаншалықты төмендейтінін әзірге ешкім білмейді. Қалай болғанда да жаңа көлік алуға кеңес беремін. Мейлі ол Қазақстанда құрастырылған болсын, мейлі шетелден әкелінетін болсын, жаңа болғаны абзал.

- Сұхбатыңызға рахмет!