"Фермерлер 3 жылдан бері субсидияны уақытында алмайды" – Ерлан Саиров
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі проблеманы атады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліске қол жеткізуді тапсырды. Отандық ауыл шаруашылығы өте күрделі жағдайда тұр. Gosagro субсидиялау жүйесі қалыпты режимде жұмыс істемейді. Фермерлер 2020 жылдан бері барлық субсидия түрін уақытында ала алмаған. Бұл оларды жылдық 20 пайызбен қымбат несие алуға мәжбүр етіп, қаржылық жағдайын айтарлықтай нашарлатып отыр. Тек Ақмола облысы бойынша 23 мың өтінімнің 13 мыңы ғана қаралған, ал Жетісу облысы бойынша 1600 диқан пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды ала алмай отыр», - деді Е. Саиров Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың атына жолдаған сауалында.
Айтуынша, осы жылы фермерлерді қолдауға субсидия өткен жылмен салыстырғанда 5,4% аз бөлінді. Тыңайтқыштарға субсидия – 23 пайызға, пестицидтерге –27 пайызға, мал шаруашылығына – 21 пайызға, бағаны тұрақтандыруға 20 пайызға азайды.
«Ауыл шаруашылығын субсидиялауға биыл бөлінген қаржы былтырғы қарызды өтеу үшін жұмсалған. Ал биылғы тапсырыс бойынша 124,5 млрд теңге тапшылық пайда болған. Үкімет қосымша қаржы бөлу жөніндегі шешімді әлі қабылдаған жоқ. Мұндай жағдайда елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкін емес. Қазір Ресей Федерациясы сүт өңдеушілерді тоннасына 25 доллар сомасында қолдап отыр, ал Қазақстанда тоннасына 5 доллардан аспайды. Келесі жылдан бастап Ресей сүт өнімдерін экспорттаушылар үшін көлік шығындарын 100% субсидиялайды. Ал бізде субсидиялар шектеулі, екінші дәрежедегі банкілер кредиттеу мөлшерлемесі өте жоғары, нәтижесінде қазақстандық өндіріс азайып жатыр», - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, ақпан-шілде айларында Ресей және Беларусь шұжық өнімдерінің бағасы Қазақстан нарығында екі есеге төмендеп кетті. Мал шаруашылығында да жағдай өте ауыр. Ауылда жеке үй шаруашылықтары өздерінің малын өткізуге зар болып қалды. Салдарынан малға қарап отырған ата-аналарда балаларын мектепке дайындауға ақшасы жоқ.
Қазақстанның астық нарығындағы жағдай да тұрақсыз. Бидайдың орташа құны былтырмен салыстырғанда 1,5-2 есеге арзандады. Бұл ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің жаппай банкротқа ұшырауына себеп болуы мүмкін», - деді Е. Саиров.