Тамақ өнеркәсібі мен машина жасау және металлургия саласында жаңа 170 жоба іске қосылмақ
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту шаралары қаралды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндағандай, 2022 жылдың қорытындысына сәйкес сала еліміздің жалпы ішкі өнімінің 13,4%-ын құрап, сауда және тау-кен өнеркәсібінен кейінгі экономикаға қосқан үлесі бойынша үшінші көрсеткішке қол жеткізді. Өндіріс көлемі бойынша салада оң динамикасы байқалады. Өткен жылы өндірілген өнімнің көлемі 21,1 трлн теңгені құрап, нәтижесінде бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,2 есеге артты.
Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 8 ай ішінде 14 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1%-ға өсті. Салалар бойынша автокөлік құралдарын (+42,2%), машиналар мен жабдықтарды (+22,5%), сондай-ақ электр жабдықтарын (+34,3%) шығару есебінен машина жасау 28,1% деңгейінде тұрақты өсім көрсетті. Жеңіл өнеркәсібінде тоқыма бұйымдары өндірісінің (+35,9%) өсуі есебінен өсім 19,8%-ды құрады. Химия өнеркәсібінде өсім аммофос өндірісінің (+44,8% ) өсуі есебінен 3,1%-ды құрады.
Министр бұл салада 613 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз ететін 20 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті. Мемлекет басшысының Жолдауын орындау шеңберінде өңдеуді тереңдету және өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету, базалық инфрақұрылымды қалыптастыру, ірі және стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ нарықты жеңілдікті қаржыландырудың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Сондай-ақ «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов өңдеу өнеркәсібін дамыту шаралары туралы баяндама жасады.
Премьер-Министр биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Ақмола облысында өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 70%-ға, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында өндіріс көлемінің 18%-ға төмендегенін атап өтті. Өңір әкімдері Марат Ахметжанов, Асхат Шахаров және Берік Әбдіғалиұлы мәселеге қатысты түсініктеме берді.
Баяндамашыларды тыңдаған Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыруды ең басты міндет ретінде айқынғанын еске салды. Бұл ретте кез келген мемлекеттің экономикасында өңдеу өнеркәсібі ерекше орын алады.
Ол Президент тапсырмасына сәйкес бірқатар басым бағыттарда жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлерді құру бойынша ірі жобалардың тізбесі дайындалып жатқанын айтты. Атап айтқанда, мұнай, газ және көмір химиясында, металды терең өңдеу, уран өнеркәсібі, машина жасау, автокомпоненттер, тыңайтқыштар өндірісі және басқа салаларда осындай кластерлер құру көзделіп отыр.
Премьер-Министр мәлім еткендей, бутадиен және полиэтилен өндіру жобалары іске асыру сатысында тұр. Сонымен қатар Халықаралық мұнай-газ машинасын жасауды дамыту орталығы әлемдік компаниялардың өндірістерін локализациялау және технологиялар трансферті бойынша тиімді жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, газ детекторларын, насостарды және қысым датчиктерін шығару бойынша 4 бірқатар жаңа жоба пайдалануға берілді.
Оның айтуынша, қорғаныс-өнеркәсіп кешені бойынша да жоғары локализация үлесі және заманауи технологиялардың трансферті қамтамасыз етіледі. Бұл ретте кәсіпорындарды қолдау үшін жыл соңына дейін арнайы Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылатын болады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Машина жасау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы дайындалуда.
Биыл Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жол картасын өзектендіру жұмыстары аяқталады.
Онда тоқыма өндірістерін құру кезінде инвестициялық шығындарды өтеу, мемлекеттік сатып алу барысында отандық өндірушілерді қолдау шаралары қарастырылады.
Қорытындылай келе, ол кәсіпорындарда инновациялық технологияларды енгізудің жаңа тәсілдерін, ірі жобаларды инфрақұрылымдық және ресурстық резервтермен басым түрде қамтамасыз ету механизмін әзірлеу, сондай-ақ инвестиция тарту жұмыстарын өзектендіру қажеттігін атап өтті.