Мемлекет ауруға шалдыққандарға ай сайын өтемақы төлейді
Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы Instagram-дағы парақшасында тиісті хабарлама жасап, әлеуметтік мәні бар аурулар тізімін ұсынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік көмек келесідей ауру түрлеріне шалдыққан адамдарға беріледі:
1. Туберкулездің белсенді түрімен ауыратын азаматтарға 10 АЕК (36 920 теңге) шамасында ай сайынғы төлем қарастырылған. Ол үшін науқастар "Астана қаласының Туберкулезге қарсы диспансерi" мемлекеттiк кәсіпорнында диспансерлiк есепте тұруы керек және амбулаториялық емделуде болуға тиіс.
Әлеуметтiк көмек алу үшін азаматтар ай сайын "Туберкулезге қарсы диспансер" ұсынатын науқастардың тiзiмiнде болуы керек. Сонымен қоса жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, екінші деңгейдегі банктегі немесе "Қазпоштадағы" банк шотының нөмірі туралы мәліметтерді тапсыруы керек.
2. Мұндай әлеуметтік төлемді науқас балалар да ала алады. Оның ішінде:
▪ адам иммунтапшылығы вирусы туғызатын ауру, оның ішінде адамның иммунтапшылығы вирусын тасымалдаушы – іЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық" МКҚК диспансерлік есепте тұрған он сегіз жасқа дейінгі балалар;
▪ қатерлі ісік – қаланың медициналық ұйымдарында диспансерлік есепте тұрған он сегіз жасқа дейінгі балалар.
Осындай әлеуметтік мәні бар ауруларға шалдыққан балаларға ай сайын 25 АЕК (92 300 теңге) мөлшерінде қаражат төленеді.
3. Адам иммунтапшылығы вирусы туғызатын ауруға, оның ішінде адам иммунтапшылығы вирусын тасымалдаушы 18 жасқа толған адамдарға 5 АЕК (18 460 теңге) мөлшерінде тоқсан сайын ақшалай төлем қарастырылған. Ол үшін азаматтар "ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық" МКҚК диспансерлік есепте тұруы тиіс.