"23 пайызға артты": елімізде қай санаттағы адамдар үшін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер өсті

2 617

Фото: ашық дерек көзі2023 жылы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер мөлшері екі есеге өсті. Екінші өсім мүгедектігі бар адамдарға, асыраушысынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ көпбалалы аналарға бұйырып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Былтыр Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін мемлекеттік жәрдемақылар мен кейбір әлеуметтік төлемдердің мөлшері екі кезеңде өсті: 

2023 жылғы 1 қаңтарда – 8,5 пайызға; 2023 жылғы 1 шілдеде (Әлеуметтік кодексті іске асыру шеңберінде) – 14,5 пайызға артты. 

Осылайша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебіне сәйкес, былтыр жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері 23 пайызға артқан. Бұл өсім шамамен 1,3 миллион қазақстандыққа әсер етті. 

Екінші кезеңде әуелі мүгедектігі бар адамдар мен асыраушысынан айырылғандарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері артты. 2023 жылдың екінші жартыжылдығында 536 083 мүгедектігі бар адам 221,8 млрд теңге мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы алды, ал асыраушысынан айырылған 188 138 адамға 62,1 млрд теңге мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы берілді. 

МӘСҚ есебінен төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері де ұлғайтылды. 2023 жылы жәрдемақыдан бөлек, асыраушысынан айырылған 61 мыңға жуық отбасы, еңбекке қабілеттілігін жоғалтуына байланысты 92 мыңға жуық адам әлеуметтік төлем алды. 

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға немесе қамқоршыға тағайындалатын жәрдемақы 2023 жылғы шілдеде ең төменгі күнкөріс көрсеткішінің 1,61 деңгейіне немесе 65 313 теңгеге дейін өсті. Оны 103 мыңнан астам адам алған, жәрдемақының жалпы сомасы – 77,3 млрд теңге. 

Бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын 42 мың қазақстандыққа 31,7 млрд теңге мөлшерінде ұлғайтылған мемлекеттік жәрдемақы берілді.

Арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де 1 шілдеден бастап 14,5 пайызға өскен. Бір жылдың ішінде 106 мыңнан астам азаматқа 4,6 млрд теңге көлемінде төлем жасалды. 

Бұл ретте айта кетейік, "Алтын алқа" алқасына ие болған, 1-ші және 2-ші дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған, "Батыр ана" атағын алған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері де 7,4 АЕК-ке дейін көтерілген. Былтыр ол 233 мыңнан астам адамға берілді, жалпы сома мөлшері – 64,2 млрд теңге. 

Сонымен қатар 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мүгедектігі бар адамдарға төленетін әрі асыраушысынан айырылу бойынша түсетін төлем мөлшері тағы 7 пайызға – инфляцияның болжамды өсім көрсеткішіне сай жоғарылаған.