Ауылда да кәсіпті гүлдендіруге болады,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мемлекеттік бағдарламалардың басты бағыты осы төңіректі дамытуға негізделген. Сырдариялық жас кәсіпкер Гүлзат Құдайбергенқызы ізденімпаздығының арқасында «Өрлеу» жастар сыйлығын жеңіп алды. Жалынды жас бүгінгі кәсіпке жаңа көзқарас пен еңбекқорлық керек екенін айтады.
«Кез келген кәсіпті ауылда, ел ішінде дамытуға мүмкіндік мол. Ол үшін еңбектену керек, іздену керек. Шаршадым демеңіз. Елде жоқ нәрсені жасауға ұмтылыңыз. Халықтың қажетіне жарау үшін ең алдымен мұқым елдің мұқтажын өтеуге атсалысу керек. Маған әкем үнемі елге пайдаң тисін деп айтып отыратын. Әрине, әр адамның өзінің дамуына өмірлік ұстанымы, қабілеті және адами қасиеттері сеп болады», – дейді жас кәсіпкер.
Өзгелер жүрген жолмен жүруді емес, өзінің жолын қалыптастыруды дағдысына айналдырған Гүлзат бұрын да кәсіптің бірнеше түрімен айналысқан. Жақында ғана ол мақтаны қайта өңдеу ісін бастады. Аталған кәсіп көнені жаңғыртуға, үнемдеуге және қолда барды ұқсатуға үйретеді. Ел ішіндегі халықтың пайдаға асар дүниелерді ысырап етіп лақтырмай, қайта қолданысқа енгізілуіне атсалысып жүр.
«Қалада болсын, ауылда болсын қолданыстағы көрпе-төсектің реңі қашса, оны қоқысқа лақтыруға асығамыз. Үнемдеуге, жақсы нәрсені тастамауға дағдылану керек. Өйткені ысырапқа шариғатта да жол берілмейді. Осыны ойлана келе халық арасында сұранысы жоғары кәсіпті бастап кеттік. Ауыл халқына тиімді бағада, жеткізіп беру қызметімен жұмыс істеп жүрміз. Алдағы уақытта ауқымын арттырып, мұнан да жақсы жобаларды қолға алғым келеді», – дейді ынталы кәсіпкер.
Гүлзаттың қолөнер ісіне ертеден бейімі бар. Кішкентайынан анасының жанында отырып, тігін тігуді меңгерді. Он саусағынан өнер тамып, талантын кәсіпке де айналдырғалы қашан. Қазақтың бас ақыны ұлы Абайдың «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзін өмірлік ұстанымына айналдырып, табандылықпен тер төгіп келеді. Таяуда ғана алған «Өрлеу» жастар сыйлығы осы ізденімпаздығының жемісі болса керек-ті.
«Бұл сыйлықты алу үшін екі жыл қатарынан қатысып, біраз еңбектендім. Еңбектің нәтижесі деп ойлаймын. Қазір жас кәсіпкерлерге қолдаудың қарасы қалың. Бастысы, тиімді тетігін тауып, бағдарламаны өзіңнің кәдеңе асыра білуің керек. Иә, сол өз кәдеңнің ар жағында міндетті түрде елге қызмет көрсету ұғымы тұрғаны ләзім. Елдің батасынан артық ешнәрсе жоқ. Сонымен көгересің, сонымен көктейсің. Осы тігін саласын анамнан үйрендім. Ол маған «Білгенге маржан» деп, білген бар жақсысын үйретіп отырады. Анам – өмірлік ұстазым. Өнеріңді кәсіпке айналдырып, өмірлік табысыңа айналдыр деп ең бірінші ақыл айтқан адам», – дейді Гүлзат.
Әрине, бүгінде ауданда жеке кәсіпкерлік саласы қарқын алған. Олардың қатарына жыл сайын Гүлзат тәрізді өзіндік көзқарасы бар, ұстанымына сай ұлтқа қызмет етуді ойлайтын табанды жастар қосылып келеді. Бойдағы қажыр-қайратын тәуелсіз елдің ертеңі жолында жұмсай алатын болсаңыз, өмірге босқа келмегеніңіз. Гүлзат бүгінгі өзі қатарлас кәсіпкерлерге еңбекқорлық жетіспейтінін айтады. Әлбетте, оған бастаған ісін аяғына дейін жеткізу қасиеті де болу керек.
«Кәсіпкер дегеніңіз бұрынғы түсініктегі коммерсант деңгейі емес. Кәсіпке жаңа көзқарас керек. Кәсіпкер – ең алдымен еңбек етуге қабілетті, тәуекел ете алатын, алдына мақсат қоя білетін жан. Егер де кәсіп бастасаңыз, осы қасиеттер бойыңызда болу керек. Өз маңдай теріңмен жасалған жұмыс қана қашан да берекелі болады. Жеке кәсіпке жеңіл қарауға болмайды. Жеке деп аты айтып тұрғанымен, елдік мүдде тұрғысында еңбек етпесеңіз бәрі бекер. Тек кәсіпкерлік қана емес, елдегі барлық саладағы жастардың бойында ұлттық иммунитет болса екен деймін. Егер ұлттық иммунитет болса, өзгенің қаңсығын таңсық деп қабылдамас едік», – дейді ол.
Бүгінде Гүлзат кәсіптің бірнеше түрімен айналысады. Алақандай ауылдың қажетіне жарап, тігін шеберханасының ісін жүргізіп жүр. Халыққа компьютерлік сауаттылық қызметтерін көрсетіп те ауқымын арттыруда. Оған іске қосылған мақта өңдеу шеберханасын қосыңыз. Бар өнерді бойына сыйдырған дарынды жастың таңдайына бұлбұл ұя салған әншілік қабілеті де бар. Ол өнерімен көпшілікке танылып, талай өнер додаларында топ жарып келеді.
«Көпшілік менен мұның бәріне қалай уақыт табасыз деп сұрап жатады. Жұмысқа барып-келіп, күнделікті күйбеңмен шектелетін стереотипті бұзу керек. Уақыт – жүйрік. Оның жалына жармасып, барлық іске үлгеріп қалу – ең бірінші адамның ниетінен. Мен әрбір ісімді тиянақтап, ұқыптап, ерекше махаббатпен жасағанды жақсы көремін. Өз ісіңді ерекше сүю, әрбір жасаған ісіңді ең ұлы жұмыс ретінде қабылдау, бірақ оған тоқмейілсімеу, өзіңе сын көзбен қарап, қателіктеріңді түзету – адамды өсіретін дағды. Мінсіз адам – ол ешқашан қателеспейтін адам емес, қатесін түсініп, оны жөндеген адам. Кейде қаншалықты тыраштанып, тер төгіп, еңбектенсең де бір жағыңнан тартып тұратын қиыншылықтар болады. Ол сәтте шаршамау керек, өзіңді шыңдай түсуің қажет, өмірлік сабақ ретінде қабылдаған жөн. Өмір тек қана сәтті қадамнан тұрмайды, кей сәтсіздіктер жаныңды жабырқатса да, сағыңды сындырмағаны дұрыс. Өйткені, біз, қазақ деген ұлы елдің перзентіміз», – дейді Гүлзат Құдайбергенқызы.
Қазір әлем алақаныңызда тұр. Өзіңізді дамытамын десеңіз де, шағын зауыт, кәсіпорын ашқыңыз келсе де құрал-жабдықтарды дүние жүзінің қай түкпірінен де алдыра аласыз. ХХІ ғасыр – мүмкіндіктер алаңы. Тек осы мүмкіндіктерді өзіңді, айналаңды, еліңді дамытуға қолдана білу керек.