Қазақстан мұнайын Ресей арқылы транзиттеу Ресейдікін Қазақстан арқылы транзиттеуден неге қымбат

2 538

Фото: Атырау мұнай өңдеу зауытыЭнергетика министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында Қазақстан мұнайын Ресей арқылы транзиттеу Ресей мұнайын Қазақстан арқылы транзиттеу тарифінен неге қымбат екенін айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстан мұнайы Ресей аумағы арқылы 4 бағытпен транзителеді.


«Атырау-Самара – Адамова Застава бағытында мұнай тасымалдау тарифі тоннассына – 8557,7 теңге (29.03.2024 ж бағам бойынша 19 доллар);


Атырау-Самара – Усть-Луга бағытында тоннасына – 7272,9 теңге (29.03.2024 ж бағам бойынша 16,2 доллар);


Атырау-Самара – Шесхарис бағытында тоннасына – 6972,9 теңге (29.03.2024 ж. бағам бойынша 15,5 доллар);


КТК құбыры арқылы тасымалдау тоннасына – 38 доллар», - делінген жауапта.


Еске салсақ, 27 наурызда Мәжіліс Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау келісіміне енетін өзгерістерді мақұлдаған болатын. 


Бұл келісім бойынша Ресей мұнайын Қазақстан арқылы транзиттеу тарифі тоннасына 2,1 доллар болмақ. 


«ТОН-2 мұнай құбыры (Ресейдің Туймазы қаласынан Қазақстанның Павлодар қаласына дейін) бойынша айтсақ, бұған дейін 1 тонна мұнайдың транзитіне 799,45 теңге алынып келген. Яғни, маршруттың тарифі доллар бағамын 440 теңге деп есептегенде, тоннасына 1,82 доллар болатын. Тараптар келіссөздер кезінде аталған учаскедегі тарифті тоннасына 2,1 доллар етіп белгілеу туралы келісімге қол жеткізді. Бұл қазір қолданылып жүрген тарифтен жоғары», - делінген министрліктің мәліметінде. 


Яғни, Қазақстан мұнайын Ресей арқылы экспортқа шығару тарифі Ресей мұнайын Қазақстан арқылы экспортқа шығару тарифінен 7-9 есе, ал Каспий құбыр консорциумы арқылы 19 есе қымбат.


Мұның себебін министрлік екі елдің заңнамасындағы айырмашылықтармен байланыстырып отыр.


«Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы заңнамаларының айырмашылықтарына байланысты әр елде транзиттің бағасы әртүрлі», - делінген жауапта.


Ведомство дерегіне қарағанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Ресей Федерациясы арқылы 65,8 млн тонна мұнай тасымалдаған. Соның ішінде Каспий құбыр консорциумы арқылы 56,6 млн тонна, Атырау-Самара құбырының үш бағыты арқылы 9,2 млн тонна мұнай жөнелткен.