Нарық заманында үнемдеудің жолдары талқыланды

2 535

Жаңақорған ауданында сала мамандарымен мен жастар ұйытқы болып, нарықтың құбылмалы уақытында аз ақшаның өзі үлкен табыстардың бастауы болатынын жан-жақты талқылап, үлкен басқосу ұйымдастырды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz  сайтына сілтеме жасап.




Әлемдік деңгейдегі талай мықтылардың өмір жолынан, тәжірбиесінен белгілі. Біздің елімізде де қаржылық сауаттылықты арттыру, қалтадағы қаржыны оңтайлы игеру әрбір жан білуі тиіс қағидаға айнала бастады. Байқасақ, кез келген жан ақша таба алады. Алайда, сол тапқан табысын бей-берекет жаратып, есепсіз жұмсайды екен. Осы мақсатта, Жаңақорған ауданының жастары, аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері  жастардың басын қосып, дөңгелек үстел ұйымдастырды.


Яғни, ақшаны табу мен оны басқару арасында байланыс жоқ, қаржылық сауатсыздығымыздың басым екенін аңғартады. Заман талабына сай, барлығы қу ақшаның құнымен өлшенетін болды ғой. Күнделікті қажетті азық-түлік, киім-кешектен басқа білім алу, несие жабу, қарыз қайтару, басқа да керек-жараққа қаржы қажет. Ай сайын алақанға тиетін ақшаның шығынын  азайтып, кірісті көбейтуге жол ашқың келеді. Алайда, отбасылық бюджеттің есебінің жоқтығынан жалақың келесі айға дейін жетпейтіні рас. Айдың басында алған жалақы ары кетсе бір аптаның ішінде өз жөнін тауып, қалтамыз босап қалады. Мұндайда қарыз алып күнелтудің жолын іздейміз. Айналадағы адамдарға қол жайын, таныс-тамырдан қарызға ақша сұраймыз. Осындай қиын-қыстау уақытта әрбір адам отбасылық бюджетке немқұрайлы қарамай, үнемдеуді үйренсе өз септігін тигізері анық. Осы тұста, аудандағы қаржы саласының ардагері Жамур Мүсілімнің өз айтары бар:


«Көпшілігіміз отбасылық бюджетті жүргізбейміз. Ақша келеді, кетеді. Есепсіз жаратудың әсерінен артық қаражат жинауға тырыспаймыз. Қолда бар қаражатты көбейтудің жолдарын қарастырмаймыз. Осы қаржы саласының маманы ретінде айтайын, жалақыны алған күннен бастап кіріс-шығысты басқару, жинау, қосымша табыс табуға тырысу, білімді көтеріп, сол арқылы табысты жұмысқа орналасу, артық ақшаны кәсіпке салу бір күнде пайда болатын дүние емес. Мұның бәрі жылдар бойы қалыптасады. Адам тіршілік барысында қаржысыз, экономикалық үрдістерсіз өмір сүре алмайды. Қалай дегенмен де осы мәселелерге кезігеді, жолығады. Дәл осындай сәттері тиімді шешімдер қабылдамаса, отбасылық бюджетке кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Оған қарапайым мысал, қазіргі кезде көп адамдарда несие бар. Несиені ақылмен алмағандар, үлкен пайыздары бар қарыздардың шырмауында қалып жатады. Нәтижесінде кепілдікке қойылған баспанасына дейін иелігінен кетіп, сан соғып жататын жағдайларда көп. Сол себепті әр адам отбасы бюджетті саналы басқарғаны жөн», – дейді қаржы саласының ардагері.


Расында, қазіргі жағдайда қаржыгерлердің басым көпшілігі ақшаны оңды-солды шашуға болмайтындығын айтады. Сондықтан азаматтар қаражаттарын міндетті түрде есептеп, үнемдеп, жоспарлап отырулары шарт. Әр отбасының қаржылай сауатты болуы еліміздің бай-қуатты елдердің қатарына қосылуының негізі кілті болары сөзсіз. Осы бағытта белгілі кәсіпкер «Хан» нан өнімдерінің негізін салушы Рустам Әмірханмен де әңгімелесіп, ойын білген едік.


«Уақыт талабы жайбасарлық пен еріншектікті жаратпайды. Қимылдамаған жан әлбетте кедейліктің шырмауынан шыға алмайды. Наубайханамызда отбасы мүшелері жабылып таң атқаннан кеш батқанша дамыл таппаймыз. Адал еңбек қып тапқан бір тиынды екі етіп берекесіне қауышқан оны бей-берекет ысырап етпесе керек.  Отбасылық қаржыны дұрыс құрау үшін ай сайынғы төлемнің нақты есебін шығарып отыру керек. Мәселен су, жарық, жылу, газ, такси қызметі. Осыған төленетін қаржыны үнемдеймін десең құнтты болуға тура келеді. Көлікпен емес жаяу жүруге тырысу керек. Қарапайым күнделікті қолданатын салфетканы алып қарайықшы. Барлық үйдің дастарқанында оны пайдалану дәстүрге айналған. Бірақ оған да қаржы жұмсалатынын ұмытпаңыз. Мысалы, салфетканың бір данасы 350-400 теңге тұрды. Оның орнына кәдімгі жуып, қайта қолданатын майлықтар алып қоюға болады. Сол сияқты, жарықты да арнайы лампа көмегімен әжептәуір үнемдеуге болады. Мұның бәрі елеусіз дүние болғанымен, қалтадағы қаржыға едәуір әсер ететінін өзім күнделікті аңғарып отырамын», – дейді жас кәсіпкер.



"Тағы бір мәселе, көпшілік банктерге 2-3 несиеден төлеп жатады. Осы жерде тағы бір мәселе, қарапайым халық банктің қойған талаптарына мән бермей, қолдарына ұстаған ақшаға риза болады. Кейбіреулері тек пайыз мөлшерлемесіне ғана назар аударып жатады. Бұған қоса, мамандар несиенің төлем түрін де ескеруге кеңес айтады. Мысалы, бизнеске, үй шаруашылығына арналған қаржы пайдалы несиеге жатады. Өйткені мұндай несие қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Ал сатып-алулар мен күтпеген нәрселерге жұмсалатын несиелерден ешқандай табыс таппайсыз. Керісінше қарызбен қоса, үстеме пайыз төлейсіз. Тіпті ең пайдалы саналатын несиелерді дұрыс өтемеген жағдайда салдары түрлі мәселелерге әкеп соқтырады. Сол себепті кез келген несие алушы алдымен өзінің төлем қабілеттерін анықтап алғаны жөн",- дейді аудандық «Халық» банкінің маманы Дана Тұрлыбекова.



«Несиені көп азаматтар аспаннан түскен тегін ақша ретінде қарайды. Қандай ақша болмасын, оның қайтарымы барын ескермейді. Тіпті қазіргі кезде құжатыңызды ұсынсаңыз 20 000-30 000 мың теңгеден бастап қарыз беретін жеңіл кредиттердің саны арта бастады. Жарнамалары да жер жарып тұр. Олар адамдардың банктерге берешектері бар не жоғын да тексеріп жатпайды. Микроқаржы ұйымдары ұсынған қаржыны қолайлы екен деп ойланбастан бірден ала салуға болмайды. Қаржы аса қажетті болмаса, мұндай несиелерге мүлдем жақындамау қажет», – дейді жауапты маман.


Осы орайда, қарапайым халықты бизнеске бейімдеуде бірнеше жылдан бері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін енгізуді көтерген болатын. Қаржылық сауаттылықты арттыруды көздейтін пәнді ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдап, 2019 жылдан бастап еліміздің барлық мектептерінде факультатив ретінде оқытыла бастады. Бұл біздің ауданымызда қаншалықты орындалып жатыр. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбековтен сұраған едік.


«Оқушыларға Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен пилоттық негізде әзірленген «Кәсіпкерлік пен бизнес негіздері» атты кітап таратылған. Оқулықта экономика, бизнес саласындағы терминдер, компания құруға дайындық, бизнес-жоспар құрудың негізгі кезеңдері сынды материалдар қамтылған. Жылдан жылға бұл пәннің аясы кеңейіп келеді. Бұл бағытта аудан мектептері де 90 пайыз қамтылып отыр. Сол себепті баланы күнделікті тіршілікке ерте араластырып, нақты қаржылық жоспар құруға баулуда, кіріс-шығысты, отбасылық бюджетті жоспарлау туралы дәрістердің пайдасы үлкен. Мұның арты қаржылық сауаттылыққа алып келеді. Оқушылардан бөлек, кез келген жан өз қаржысын басқаруды үйренгені жөн. Қарапайым мысал, темекі, кола, кофе сынды денсаулыққа зиянды дүниелерден бас тарту арқылы бір жылда, қанша ақша үнемдейтініңізді есептеп көріңіз. Олардың жыл сайын өсетін құнын еске алғанда қаншама қаржыны сақтап қалғаныңызға өзіңіз таң қаласыз», – дейді ол.


Әлем елдерінің де тәжірбиесіне зер салуды жөн көрдік.  Мәселен, Британ билігі 2008 жылы елдегі дағдарыстың салдарынан шығу үшін оқушылардың қаржылық сауаттылығын көтеруді қолға алыпты. Бастапқыда факультативте оқытылса, кейіннен жалпы пән ретінде оқытыла бастаған. Бастауыш сыныпта жеке қаржы және оның жұмсалу жолдары туралы айтылады. Ал жоғары сынып оқушыларына несие, ақша жинау жолдары үйретіледі. Еуропалықтар, әсіресе, чехиялықтар балаға келген табыс пен шығыстың арасын түсіндіреді. Тіпті, қарапайым оқушылар коммуналдық төлем, азық-түлік, киім-кешекке жұмсалатын ақшаны басқара алады. Бұл үшін қаржы және бизнес саласында тәжірибесі бар сарапшылар шақырылады. Ал, Израиль Үкіметі бизнесте табысқа жеткен кәсіпкерлерді мектепке шақырып, оқушыларды кәсіпкерлікке үйретеді екен.


Қорыта келе, ақшаны тиімді басқару үшін қаржы бұлақтарын көбейту керектігін білікті мамандардан білдік. Қаржы бұлақтары дегеніміз – қалтаға ақша түсіретін табыс көзі. Қаржы бұлақтары көбейген сайын адам байлыққа бір қадам жақындайды екен. Ал оны көбейту үшін не істеген дұрыс? Ол үшін жүйелі түрде ақшаны шашпай, жинау керек. Яғни үнемдеу арқылы шығынды азайтып, соның нәтижесінде артылған ақшаны ай сайын жинақтап отыру қажет.