Сыр бойының тарихы-мәдени ескерткіштері

316

Сыр бойының тарихы-мәдени ескерткіштері күтіліп ұсталуда ,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат  агенттігі.

 

Сыр өңірі, оның ішінде бүгінгі Сырдария ауданы жері қазақтың қара шаңырағы болған аймақтардың бірі. Оған аудан жерінде тас дәуірінің іздері, сақ, ғұн, қаңлы тайпаларынан қалған тарихи-мәдени ескерткіштер, Сыр жағасында көне қалалардың орындары, «Ұлы Жібек жолының» батыс пен терістікке шығатын тоғыз жолдың торабы болуы, алғашқы тайпалық бірлестіктердің, мемлекеттердің орталығы болуы және т.б. дәлел болады

Тас дәуірінен бастап өлкені мекендеген тұрғындар әр кезеңдерде өздеріне ғана тән мәдениеттерді қалыптастырып, дамытып отырды. Бүгінгі Сырдария ауданының территориясындағы біздің жыл санауымызға  дейінгі 5 мыңжылдықтан басталатын неолит дәуірінің ескерткіштері, оның Келтеминар мәдениетіне жататындығы - өңір тарихының тым көнеден бастау алатындығын дәлелдейді. Бөтен елге құпиялау көрінер өмір салты мен келісті салтанаты кезінде Геродотты таң қалдырған Сыр өңірінің көшпелі және отырықшы мәдениеті осы жерде ежелден қалыптасқан. Өз заманының данышпаны, ұлы ақылгөйі саналған, дүниежүзілік негізгі дін жүйелерінің қалыптаспай тұрған шағында, адамзаттың балаң ақыл-ой санатына қыруар әсер еткен Заратустраның ілімі алғаш Сырдария өзені бойында дүниеге келген деген де болжамдар жоқ емес. Көне дәуірде өңірді мекендеген тайпалар мен халықтардың ізі іспеттес қола дәуірінің аса көрнекті ескерткіші болып саналатын Солтүстік Түгіскен мавзолейлері, тeмip дәуірінде Сырдарияның оңтүстік салаларын (Іңкәрдария, Жаңадария бойы) мекендеген сақ тайпалары қалыптастырған шірік-рабат мәдениеті, солтүстік аудандарды жайлаған (Ескідариялык, Қуаңдария салалары) қаңлы тайпалары мықты бекіністік қалаларымен ерекшеленетін аудан территориясындағы жетіасар мәдениетінің ескерткіштері –Кіші Асар, Қос Асар, Жетім Асар т.б бүгінде баршаға аян болып отыр [1, 496 бет].

Сыр өңірін сырт елдермен қан тамырындай байланыстырған Ұлы Жібек жолының ізі аудан жерінде әлі де сайрап жатыр. Сол кезде мызғымастай қалыптасқан қағида бойынша -дүниенің төрт бұрышын тіреп тұрған 4 әлемдік монархия: оңтүстікте-піл патшасы (Үндістан), батыста-інжу-маржан, асыл тас падишахы (Иран, Византия), солтүстікте-арғымақ баһадүрі, сәйгүлік патшасы (Түркі қағанаты), ал шығыста – адам патшасы (Қытай) мәдениеттері де сауда жолы арқылы осы өңірде тоғысып жатты.Сол дәуірде өмір сүрген, бүкіл түркі тілдес халықтардың ардақ тұтар абызы, даңқты күйші, дана философ Қорқыт ата түркі мәдениетінің негізін осы жерде қалаған. Дәл осы кезеңнен бастап Сыр өңірі қазақ және басқа да түркі халықтарының алтын бесігіне айналған

Ортағасырларда тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл территория күрделі миграциялық процестер мен шиеленіскен саяси оқиғалардың орталығына айналды. VII–VIII ғасырларда Ескідариялық арнасы құрғап, жетіасардың тұрғындары қоныстарын тастай, үдере көшкен уақытқа Қуаңдарияның Аралға құяр сағасында орналасқан «батпақтағы қалалардың» көтерілуі сәйкес келеді. Зерттеуші ғалымдардың пікірінше жетіасар тұрғындарының бір бөлігі жаңа іске қосылған Қуаңдария бойына орналасып, аталған «батпақтағы қалалар» мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқан. «Батпақтағы қалалар» қатарына аудандағы әйгілі Асанас, Баршынкент секілді ескерткіштер жатады. Бұл күндері аталған мәдениеттер мен тарихи оқиғалардың куәсі ретінде өлкедегі бірнеше ондаған археологиялық ескерткіштер сыр шертеді.

Бүгінгі Сырдария ауданы жеріндегі  ескерткіштерінің зерттелу тарихы Қазақстан патшалық Ресейдің отары болған кезден басталады. Ескерткіштердің зерттелуін төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады:

1) XVII ғ. ортасынан 1895 жылға дейін, яғни, отар елді зерттеуге бағытталған түрлі экспедициялардың шығу кезеңі;

2) 1895-1917 жылдар аралығында, яғни Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің қызмет еткен уақытынан басталады;

3) Кеңестік дәуірдегі 1946-90 жылдар аралығындағы академик С.П.Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының зерттеулері ;

4) 1991 жылдан  басталған қазіргі кезеңдегі зерттеулер.

Сыр өңірін зерттеудің бастапқы кезеңі қазақ жерінің Ресей империясының қол астына кіруімен тікелей байланысты болды. 1731 жылы Кіші Жүз ханы Әбілқайыр Ресейге бодандығы туралы ант қабылдады. Осы уақыттан бастап Ресей империясының қазақ жерін және оған көршілес жатқан азиялық елдерді жан-жақты зерттеу жұмыстары басталады. Бірақ бұл зерттеулердің барлығы дерлік саяси мақсатта жүргізілгендігін айта кету керек. Сондықтан XVIII ғасырдағы әскери шенді зерттеушілердің жазбалары мен есептері негізінен аймақты жалпы сипаттаумен, ескерткіштерді тіркеумен және ауданның географиялық картасын түсірумен шектелді.

Орта ғасырдағы Сыр өңірі ескерткіштері туралы алғашқы мәліметтер  ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда жарық көрген «Үлкен сызба кітабы» мен Семен Ремезов құрастырған «Сібірдің сызба кітабы» еңбектерінде кездеседі. Бұл еңбекте  Арал маңындағы Борсық және Қарақұм шөлдерінің жайылымдық маңызы туралы, жер-су атаулары және тұрақтары туралы мәліметтер келтірілген. ХҮІІІ ғасырда Кіші жүз ханы  Әбілқайырдың шақыруымен Қазақ жеріне келген орыс топографтары Н.Муравин мен Д.Гладышев өлкедегі және Қазақстанның басқа аймақтары археологиялық ескерткіштерінің картасын сызу және есепке алу, сипаттау ісінің іргетасын қалады. 1867 жылы Археологиялық комиссия құрамында жолсапармен Оңтүстік Қазақстанға келген шығыстанушы П.И.Лерх Түркістан өлкесіндегі және Сырдарияның төменгі ағысы өңіріндегі археологиялық ескерткіштерді зерттей бастайды. Н.И. Веселовскийдің 1885 жылы Орта Азияға келуі ескерткіштерді қазуды археолог-мамандар арқылы жүргізудің бастамасы болды. Сыр өңірі қалаларын В.А.Каллаур, В.В.Бартольд, А.Ю.Якубовский сынды т.б. бірқатар атақты ғалымдар  зерттеп, көптеген деректер қалдырған. 1895 жылы құрылған Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшелері маңызды зерттеулер жүргізді. Сол кезеңде Ташкентте «Түркістан тізімдемесінен» және «Хаттамалар» сияқты басылымдар шыға бастайды. Осы үйірменің белсенді мүшелерінің бірі В.А.Каллаур археологиялық ескерткіштерді іздестіру, тізімдеу бағытында біршама тыңғылықты жұмыстар жасады. Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшесі В.А. Каллаур 1899 жылы Асанас қаласының орнына келіп, қаланың топографиялық сипаттамасын жасайды. Ол жазба деректерде аталатын қала атауын негізге ала отырып оны ортағасырлық Ашанас (Эшнас) қаласымен сәйкестендіреді. Сонымен қатар, В.А. Каллаур Сырдың сол жағалауында Қызылордадан 25-30 км қашықтықта Томарөткел жерінде орналасқан Қыш-қаланың қиранды қалдығы Женд қаласының орны болуы мүмкін деген болжам жасайды. Сол сияқты өзінің көріп білгенін «Түркістан әуесқойлары үйірмесінің хаттамаларында» жариялап отырды.

1911 жылы Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің тағы бір мүшесі А.Кастаньенің Сыр бойындағы археологиялық ескерткіштерге қатысты «Древности киргизских степей и Оренбургского края» деген жинақтама еңбегі жарық көреді. 

Сыр өңірі 1946 жылдың күзінде Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы С.П. Толстовтың басқаруымен Жаңадария мен Қуаңдария бойындағы «Жанкент қалалар тобын» зерттеуді қолға алды. Ғылыми тұжырымдама көрсеткендей, ҮІІІ-ІХ ғасырларда Сырдария мен Әмудария өзендері бойында Жетіасар қалалары орналасты. Батпақтағы қалалар мәдениеті, Кердері мәдениеті деп аталды. Б.э.д. ҮІІ ғасырларда Жетіасар мәдениеті бұл жерде батпақтағы қалалар деген атпен дамыды. Батпақты қалалар аталған мәдениет тұрғындарын С.П.Толстов оғыздармен байланыстырады. Экспедицияның кең көлемде жүргізген археологиялық-геоморфологиялық кешенді жұмыстары нәтижесінде С.П.Толстов алдын-ала жоспарлағандай, Сырдария мен Әмударияның төменгі ағысындағы ертедегі суландыру жүйелері мен су жүйелері, сондай-ақ тарихи ескерткіштерінің археологиялық-геоморфологиялық картасы жасалды [2, 18 бет].

1947 ж. А.Н.Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясыСырдарияның сол жағалауында, Ақкөл деген жерде орналасқан орта ғасырлардан сақталған көне қала орны Артық Ата, Артық төбені зерттеді. Зерттеушілер  Артық Ата көне Артук қаласының орны болуы керек деп болжаған. Соңғы рет қала орнын 1971 ж. Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы толық зерттеді.

Н.И. Вактурскаяның 1968 жылы ертедегі Асанас қаласының цитаделі маңында жүргізген екі стратиграфиялық қазбасы нәтижелі аяқталды. Мұнда VІІ-ғасырдан ХVғасырға дейінгі қалыптасқан бес құрылыс көкжиегі қималық сызбаланып, одан шыққан материалдардың көбісі топтарға бөлініп мерзімделеді. Қыш өнімдерін талдай келіп, қала оғыз-қыпшақ дәуірлерінде қала өркендегенін айта келе, ал ХV ғасырда Сырдарияның қазіргі арнасы қалыптасып, Іңкәрдарияның суы құрғағандықтан Асанас тұрғындары қонысын тастап кеткен  деген болжам жасайды.

Жетіасар өңірінде 1990 жылдарға дейін көп жылдар бойы археологиялық қазба жүргізген Л.М. Левина Жетіасар мәдениеті керамикасын Отырар-Қаратау және Қауыншы мәдениеттерімен шендестіреді. Сөйтіп, Өзбекстан жағынан басталған ізденістерді Қазақстан тарихымен байланыстыруға алғаш қадам жасайды. Оның зерттеуінше, б.э.д. V ғасырдан бастап, ІХ ғасырда Сырдарияның төменгі ағысындағы тұрғындардың этникалық құрамы өзгермеген. Қазба кезінде табылған тар ернеулі ұзын шүмекті асханалық құмыралар мен хұмдар секілді қыш өнімдерінің түрлері Пенджикент, Сырдарияның орта ағысындағы және Арыс, Жетіасардың жоғарғы мәдени қабатынан ашылған жәдігерлермен ұқсас. Бұдан Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Іле алқабындағы және Арал өңірі тұрғындарының үнемі бір-бірімен мәдени, кәсіптік қарым-қатынастарда болғанын көруге болады. Жоғарыдағы ізденістерді тұжырымдағанда, ХАЭЭ-ның алдына Арал өңірінің кейінгі орта ғасыр қалалары мен тұрақтарының мәселесі қойылмағанымен, ізденістерінде археологпен қатар этнограф, географ, геоморфологтар, топырақтанушылар, антропологтарды қатыстырған іргелі зерттеушілік ғылыми-ақпараттық негіз қалыптасты. Алғаш рет археологияда аэрофото барлау әдістерін қолданып, тақырыпты кең және ұзақ мерзімді деңгейде зерттеудің үлгісі көрсетілді. «Қазақстан археологиялық картасы» (1960 ж) жинағында Қызылорда облысының орта ғасырдағы көне қалаларының орналасуы, деректері мен зерттелу тарихнамасы туралы құнды мәліметтер келтірілген. 

Сыр өңірінің рухани әлемі, оның ішінде көне қала мәдениеті мен тарихи-мәдени ескерткіштердің зерттелуі мен зерделенуі туралы айтқанда жерлесіміз, атақты ғалым Ә.Қоңыратбаевтың есімін айтпай кетуге болмайды. Ғалым фольклорлық, сондай-ақ, көне түркі жазбалары мен шығыс әдебиетінің деректері мен сюжеттік желілеріне сүйене отырып жүргізген зерттеулерінде өңір тарихына қатысты біршама тың болжамдар жасады. Соның бірі «Қазақ эпосы және түркология» атты еңбегіндегі Сырдария ауданының территориясына жататын Сырлытам, Мүлкілан, Баршынкент, Баршындария сынды тарихи орындар мен жер-су атауларына байланысты. Сондай-ақ, Қорқыт Ата аңыздарындағы Қазан Салор, Бәмсі Байрақ сынды кейіпкерлер өмірін де ғалым осы өңірмен тарихымен байланыстырады. Профессор Әуелбек Қоңыратбаев өлке тарихын көне дәуірлерден бастап, Сыр өңірінің әлемдік мәдениетке қосқан үлесі жөнінде қорытынды жасай келіп: «Азияда екі қосөзен бар. Бірі – Месопотамиядағы Тигр мен Ефрат, екіншісі Сыр мен Әму. Мұның екеуі де бүкіл адамзат баласы мәдениетінің көне ошақтары болған» деп жазды [3, 36 бет]. 

1991 жылдан бастап, Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті мен республикалық Ғылым Академиясының шешімімен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты құрылады. Сол кезден бастап отанымыздың ғалым-археологтары Сыр өңірінде де археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Ортағасырлық  Сыр өңірі қалаларын археологиялық зерттеу ісіне Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің археологтары мен тарихшылары араласып келеді.

Бүгінде Қызылорда облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау мемлекеттік мекемесінің мәліметі бойынша Сырдария ауданында республикалық маңызы бар ескеткіштер саны 2, жергілікті маңызы бар ескерткіштер саны 20, алдын ала есепке алынған ескерткіштер саны 39 болып тұр[4]. Сонда ауданда барлығы 61 ескерткіш тіркеулі. Қазіргі кезеңде «Мәдени [ескерткіштерді сақтауға үлкен мән беріліп отыр. Бұл-Сыр өңірінің қазақ өркениетінің бастауы екендігін айқындай түседі. Сырдария ауданы жеріндегі көне қалалар ұлттық мәдениет пен өнердің ертеден қалыптасқанын көрсетеді. Демек, Сыр өңіріндегі ежелгі қалаларды зерттеу-тарихымызды тереңдетіп қана қоймай, ұлттың ұлылығын көрсететін мәдени мұрамыз деп білеміз.

 Бүгінгі Сырдария ауданы жеріндегі ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи-мәдени ескерткіштер шын мәнінде кімге болса да ғажайып әсер қалдырады. Бүтін бір халықтар мен мемлекеттердің гүлдену мен құлдырау кезеңдерін бастан өткерген, тарихтың бізге беймәлім жұмбақ сырлары тұнған бұл мұралар қазақ халқы ата-бабаларының өткен өмірінің тілсіз куәгерлері болып қала береді.


Қыдырбаев Мұрат Аралбайұлы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

«Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының

ғылыми қызметкері, тарих магистрі