Үкімет Астанаға 16 миллиард теңге бөлді: Қаржы қайда жұмсалады?

2 510

Фото: akorda.kzМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астанадағы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет резервінен Астананың инженерлік және энергетикалық желілерін дамытуға қаржы бөлген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі. 

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыларға  қол қойған. 

Жобаға кәріз, жылу және электрмен жабдықтау жүйелері кіреді.

Жалпы қаржыландыру көлемі 16,2 миллиард теңгеден асады. Оның 8,7 миллиард теңгесі су бұру инфрақұрылымын салуға және жаңғыртуға бағытталады. Есіл ауданындағы тазарту құрылыстарынан бастап Ақмола облысындағы Қарабидайық көліне дейінгі кәріз коллекторы қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар Ұлы Дала, Хусейн бен Талал, Шыңғыс Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойынан Есіл өзеніне дейін тазартылған ағын суларды ағызатын коллектор салынады.

“Көзделген жұмыстарды жүзеге асыру 4,5 мың гектар аумақтағы жерүсті және дренаж суларын бұруға, сондай-ақ тәулігіне 70 мың текше метрге дейінгі суды тазартатын нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Астананы одан әрі дамытуға қажетті инфрақұрылым қалыптастырады”, – делінген хабарламада.

7,5 миллиард теңге елорданың энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Бұл қаражатқа қолданыстағы электр желілеріне қосылатын 110/20 кВт-тық "Қарлығаш" жабық қосалқы станциясы салынып, "Астана-Энергия" АҚ-ның ЖЭО-2-дегі №1 турбоагрегаты жаңғыртылады.

Жаңа энергонысан іске қосылғаннан кейін "Есіл" және "Бәйтерек" қосалқы стансаларына түсетін жүктеме азайып, "Нұрлы жол" вокзалы маңы мен Тельман тұрғын алабындағы шамамен 80 мың тұрғын тұрақты электрмен қамтамасыз етіледі. Қосымша қуат жаңа мектептер, емханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды пайдалануға беруге мүмкіндік береді.

ЖЭО-2-дегі турбинаны жаңғыртқаннан кейін оның электр қуаты 80 МВт-тан 110 МВт-қа дейін артады. 

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.