Елде бидай экспортына субсидия төленуі мүмкін
Елде бидай экспортына субсидия төленуі мүмкін. Бұл үшін республикалық бюджеттен 40 млрд теңге қаралады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жоба талқыланып жатыр. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі экспорттық бағытқа қарай көлік шығындары тоннасына 20 мың немесе 30 мың теңге көлемінде өтелетінін айтты.
Мәселен, Азов, Қара және Балтық теңіздерінің порттары бағытында Ресей арқылы транзитпен жеткізу үшін тоннасына 20 мың теңге, Әзербайжан мен Грузия аумағы арқылы Қара теңіз порттары бағытында транзитпен жеткізу тоннасына 30 мың теңге, Түрікменстан аумағы арқылы Ауғанстан немесе Иранға бағытталған транзитте тоннасына 20 мың теңге, ал Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бағытында Қытай аумағы арқылы транзитпен жеткізу үшін тоннасына 30 мың теңге субсидия берілуі мүмкін. Талқылаулар 16 ақпанға дейін жалғасады. Жоспарға сай көмекақы егінді жаппай жинау басталғанға дейінгі экспортқа беріледі.
Отандық астыққа қызығатындар көп. Біз үшін де әлеуетті бағыттар бар. Бұл сапта Қытай, Еуропа елдері тұр. Әлемдік нарық болғасын, мұнда жоғары құн төленеді. Тек экспорттаушылар межелі бағытқа өнімін жеткізе алмай дал. Десе де, «Қазақстан темір жолы» компаниясы қыркүйек-қаңтар аралығында бұл бағытқа 660 мың тоннаға жуық астық жеткізілгенін хабарлады.
Жалпы күзден бері еліміз 4,8 млн тонна астық экспорттады. Бұл 2023-2024 жылдардағы көрсеткіштен 47%-ке көп. Ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының айтуынша, дақылдар экспортын әлі де жетілдіруге мүмкіндік бар. Оның үстіне өнім сапасы алдыңғы жылғыдан жоғары. Қазір қауымдастық құрамында 64 компания бар. Олар Орталық Азиямен де, Еуропамен де байланыс орнатқан. Иран мен Әзербайжанға да астық жеткізіп келді. Өнімнің өзіндік құны көтерілгесін, жеткізушілер қамту ауқымын кеңейте түсуге мүдделі.
Мамандар отандық нарық та астықтан кенде болмайтынын айтады. Ішкі сұранысқа шаққанда, халыққа 3,5 млн тоннасы қажет. 4 млн тоннасы мал азығы ретінде қолданылады. Былтыр 26 млн тонна астық жиналды. Демек, 19 млн тоннадайын сыртқы нарыққа шығаруға әбден болады. Трейдерлер межені орындауға дайын отыр.