Мүгедектік және асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы өсті
Мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 10%-ға өсті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 10%-ға артты.
2025 жылы мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (бұдан әрі – МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 655,7 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 90,3 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.
Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.







