Елімізде әлеуметтік өнімдердің бағасы төмендеп жатыр
Үкіметте сенбі күні, 15 маусымда, вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына қатысты жағдай қаралды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Бір апта ішінде 10 түрлі тауардың, атап айтсақ: қырыққабат (9,7%), пияз (1,3%), қарақұмық жармасы (1,1%), тауық еті (0,6%), күріш (0,4%), күнбағыс майы (0,4%), макарон өнімі (0,2%), қант, сүзбе және ұн бағасы (0,1%) төмендеді. Жалпы, елімізде негізгі азық-түлік бағасының индексі 0,1%-ға төмендеп отыр. Баға 11 облыста, әсіресе Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында айтарлықтай төмендеді», — деп атап өтті сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.
Оңтүстік өңірлерде ерте пісетін көкөністерді жинау науқаны басталып жатыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, ерте пісетін картоп – 219 мың тонна, қырыққабат – 105 мың тонна, сәбіз – 32 мың тонна, пияз – 66 мың тонна көлемінде күтілуде. Бұл көлем маусым-шілде айларында халықтың аталған көкөністерге деген қажеттілігін қанағаттандыруға жеткілікті.
Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин әкімдіктерге алдағы маусымаралық кезеңде ерте пісетін және күзгі көкөністерді жеткізу үшін келісімге отыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.