Ресей мұнайы Қазақстан арқылы тасымалданады
Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – құрлықтағы ең ұзын шекара. 7,5 мың шақырым, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақрпарат агенттігі.
Осы тұрғыдан келгенде екі елдің көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығы үлкен маңызға ие. Тараптар байланысты енді одан әрі нығайтады. Көлік дәліздерін дамытуға күш салынады Биылғы 9 айда Ресейден біздің ел арқылы Қытайға тасымалданған жүк көлемі 63%-ке өсті. Ал Ресей мен Қазақстан аумағы арқылы Қытай – Еуропа бағытында жүк көлемі 65%-ке артты. Екі ел үкіметі «Қытай – Қазақстан – Ресей» бағыты бойынша жүк ағынын көбейту үшін Селятино стансысына жақын жерден транспорт инфрақұрылымын салу мәселесін пысықтап жатыр. Cәуір айында Сиань – Достық/Алтынкөл – Селятино маршруты бойынша заманауи транспорттық-логистика орталығы іске қосылған еді. Аталған орталық халықаралық транспорт дәліздерінің дамуына маңызды үлес қосуға тиіс. Сондай-ақ қос ел «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін кеңейтуге көңіл бөліп отыр. Қазір дәліздің шығыс тармағын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ресей – Қазақстанның сенімді сауда серіктесі. Биылғы 9 айдағы мәліметке сүйенсек, экспорттың 11%-і Ресейге тиесілі. Яғни, солтүстіктегі көршіміз Италия мен Қытайдан кейін үшінші орында тұр. Ал импорттаушылар арасында Ресей көш бастады. Елге кіргізілген тауардың 30%-ке жуығы ресейліктер үлесіне келеді. Бұл жерде алғашқы үштікке Қытай мен Германия кіріп отыр. Қазақстан негізінен мұнай, химиялық өнімдер, металл қорытпалары сынды бұйымдарды экспорттаса, сырттан жеңіл көліктер, электроника құрылғылары, дәрілік заттар сынды өнімдер сатып алған.