Транскаспий арқылы жүк тасымалы жылына 10 млн тоннаға дейін артпақ
Алдағы 2 жыл ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалдау көлемін жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізу. Қазақстан өз алдына осындау ауқымды жоспар құрып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бүгінде еліміз Еуразиядағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін нығайту үшін автокөлік, әуе және теміржол тасымалын дамытуға басымдық берген. Жаңа теміржолдар салынып, теңіз порттарының инфрақұрылымын дамыту жұмысы қарқын алған. Тағы ел аумағында халықаралық әуе хабын құру міндеті де қойылды. Осылайша Қазақстан көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріп отыр. Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстырған Қазақстан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Еуразияның қақ ортасындағы еліміздің бүгін транзиттік әлеуеті зор. Былтырдың өзінде Қазақстан арқылы тасымалданған жүктің көлемі 15,3 млн тоннаға жетті. Оның басым бөлігін Еуропаға бағыт алған контейнерлік транзит құрады. Ал Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы 32 млн тоннадан асып, тарихи көрсеткішке жетті. Оның 13,7 млн тоннасы қазақстандық экспорт.
Еліміз 2027 жылға қарай Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалдау көлемін жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін Каспий маңындағы порттардың инфрақұрылымы жаңғыртылып, жаңа терминалдардың құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, еліміз негізгі басымдықты әуе тасымалына да беретін болады.