Қарапайым заттар экономикасы: Мәнін жоғалтқан жоба ма?

229
2019–2021 жылдарды қамтыған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының аралық қорытындысын шығару туралы әңгіме биылғы ақпанда қозғала бастады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Төрт жылға созылған бұл жобаның түпкілікті мақсаты – ішкі нарықты елімізде өндірілген тұтыну тауарларымен қанықтыру болатын

Түк те қарапайым емес...


Кезінде ел үкіметі бұл мақсатқа жету жолында тауар өндіруді ынталандырумен қатар, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін көтеріп, экономикадағы бизнестің үлесін арттыруды қолға алатынын мәлім етті. Өз кезегінде, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, аталған бағдарламаға қатысушыларды қолдауға 2020 жылы жұмсалған субсидияның әр 1 теңгесіне 40 теңгенің өнімі шығарылып, 3 теңгенің салығы төленгенін айтып өтті. Алайда бұл тұрғыдағы отандық сарапшылар мен экономистердің пікірі күдікке толы. Мысалы, CRC зерттеу және консалтинг орталығының серіктесі Қуаныш Жайық, «Қарапайым заттар экономикасын» соңғы бес жылдағы еліміздегі «институционалдық деградацияның» айқын көрінісі деп сипаттайды.

«Бұл бағдарламаға тән бірқатар түйінді мәселе бар. Біріншіден, бағдарламаны жүзеге асыру барысында оның түпкілікті мәні жолда қалды, яғни «түк те қарапайым емес» және «мүлдем заттар емес» нәрселерге көңіл бөлінді. Бастапқыда онда қызмет көрсетуге, жоғары және орта технологиялық өңдеуге, ауыл шаруашылығы шикізатына негізделген салалар қамтылды. Кейін салалардың тізімі 2–3 есе өсіп, жоба тізімінде Rixos Turkestan және өзге де 30 шақты отель пайда болды», - дейді CRC зерттеу және консалтинг орталығының серіктесі, сарапшы  Қуаныш Жайық.

Қазақстанда «Қарапайым заттар экономикасы» ресейлік нұсқаға жүгінгенін еске салған сарапшы, солтүстік көршіміз өз жоспарында ірі қалалар төңірегінде өнеркәсіп парктерін дамытып, оларда тұтыну тауарларын өндіруді жолға қойғанын алға тартады.


«Өңдеу саласы экспортына қосымша қолдау ретіндегі бұл бағдарлама Қазақстанда Президенттің 2018 жылғы Жолдауы негізінде қолға алынды. Бастапқыда қарастырылған 600 млрд теңге осы мақсаттағы басымды жобаларға негізделген болатын», - дейді ол.
Қуаныш Жайық алға тартқан тағы бір түйінді мәселе – тікелей қолдау төңірегіндегі дүрбелең. «Ресейде өнеркәсіп алаңдары, арнайы инфрақұрылымдар, саудаға қатысты кедергілер сынды жанама шараларға көңіл бөлінді. Ал Қазақстанда бұл бағдарлама жобаларға ақша таратуға айналып кетті (оның ішінде нарық ішінде бұрыннан бар ойыншыларға да)» деген сарапшы, бағдарлама бойынша нақты елеулі талаптар болмағанын алға тартады. «Мемлекеттік саясат нарық ішіндегі «сәтсіз жобалардың» алдын алуға, оларды жоюға не болмаса «дұрыстап» ынталандыруға бағытталуы тиіс. Бұл – орта бизнесті стратегиялық жобаларға жетелейді: әдетте олар экспортты не ғылыми ізденістерді қажет ететін салаларға ұмтыла қоймайды.

 Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша қарыз алушыға қатысты айтарлықтай талап жоқ, оның әйтеуір жұмыспен қамту, салық төлеу, өндіріс ауқымын тиісті деңгейде ұстау деген сияқты көрсеткіштері түгел болып, кіріс көрсеткіші инфляцияға сай болса, жетіп жатыр», - дейді ол.


«Қарапайым заттар экономикасын» сын тезіне алған сарапшылардың басты уәжі – жоба аясында көпшілікке бұрыннан танымал, көрсеткіштері тиімді дейтін кәсіпорындарға қолдау көрсетумен қатар, жасырын мүдделер мен мүлдем қисынсыз жобаларды қаржыландыру да көрініс берді деген тұрғыда. Бұл арада мәселе бағдарламаның ашықтық дәрежесі дегенге келіп тіреледі. Өз кезегінде, экономист Арман Байганов, Ұлттық экономика министрлігі ұсынған цифрларға күмәнмен қарайтынын жасырмайды.

«2018 жылдан бері аталған бағдарлама аясында 600 млрд теңге бөлінген, артынша бұл сома 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылған. Оның шамамен 500 млрд теңгесі агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріске, 200 млрд теңгесі – өңдеу саласына, ал қалғаны – өнеркәсіпке және қызмет көрсету саласына бағытталған. Яғни, басты назар ауыл шаруашылығына аударылған. Олай болса, бұл бағдарлама қаншалықты тиімді нәтеже бергенін супермаркетке келген кез келген адам бағалай алады: бұл үшін елімізде шығарылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын қарасақ жетіп жатыр. Отандық жылыжайда өсірілген қиярдың бағасы қыс айларында 1900 теңгеге дейін жетеді (1кг), ал онымен бір сөредегі поляк алмасының бағасы 380–400  теңге (1 кг). Отандық қиярмен салыстырғанда Польшадан жеткізілген алма бес есе арзан, ал алма өсіру технологиясы айтарлықтай қиын әрі бұл мерзімдік өнім, оның сыртында жеткізу, сақтау шығындары тағы бар... Өз басым, бұл бағдарламадан тиімді нәтиже көре алмадым. Соңғы үш жылда азық-түлік бағасы үнемі жоғары өрлеумен болды. Қарапайым тұтынушы үшін министрліктің цифрлары да, министрдің сөзі де маңызды емес. Тұтынушы, ең алдымен, өз қалтасына қарайды. Ал, егер халық кеңінен тұтынатын заттардың бағасы ұдайы қымбаттап жатса, тиімділік жайында сөз қозғаудың өзі қисынсыз», - деп түсіндіреді өз пікірін Арман Байганов.


Жауапсыз сұрақ әлі де көп


«Қарапайым заттар экономикасына» бөлінген қаражаттың мақсаты туралы сөз қозғалғанда сарапшы екі маман да «таргет бұлыңғыр» деген пікірге тоқталды. Қуаныш Жайықтың айтуынша, бұл арада мемлекеттік интервенция мағынасы үнемі бұрмаланып, әу бастан қисынсыз қатынас орын алған. «Ақша инвестициялауға ғана емес, айналым қаражатын толықтыруға да беріледі және де тек жекеменшік қана емес, квазимемлекеттік кәсіпорындарға да, - дейді ол. – Содан да болар, өңдеумен айналысатын шамамен үш жүздей ірі және орта жобалардағы «қарапайым заттарды» қаржыландыруға қарамастан, үш жылдың ішінде мұндай кәсіпорындардың санында еш өзгеріс болмаған (2019 жылдың басында 712 кәсіпорын болса, 2022 жылдың басындағы көрсеткіш 714). Байқаймын, арагідік бұл бағдарламаға оң баға беріліп жатады, бірақ басты сұрақ сол күйі жауапсыз. Бұл жоба басталмаған жағдайда нарық ішінде не болар еді? Жауап: кәсіпорындар өз жұмысын әрі қарай жалғастыра берер еді, әрине, көбісі кредит алады, бірақ басқа мөлшерлемемен, бары сол ғана».

Ақпан болжамы: Экономика әлі де баяу

Экономист Арман Байгановтың пікірінше, аталған бағдарламаны іске қосар алдында кәсіпорындардың қажеттілігін зерттеп, анықтауға әу бастан ешкім мән берген жоқ. Оның сыртында, бұл жобаны орындау барысында жемқорлық құрамы көрініс бергені де жасырын емес.


«Бұл бағдарламаға тән тағы бір кемшілік – ол жергілікті деңгейде дұрыс орындалған жоқ, тіпті, тиісті бақылау да болған жоқ. Жергілікті атқару органдарының алдында дұрыс КРІ қойылмаған, соның салдарында қаражат ішінара сұлулық салондарына, бағдарламаға қатысы жоқ өзге де релевантты емес жобаларға кетіп қалған. Бағдарламаның орындалуы туралы есеп беру үшін, әкімшіліктер, бөлінген ақшаны пайдасыз не жарамсыз жобаларға әдейілеп салуы да мүмкін, жемқорлық фактілерін жоққа шығаруға болмайды. Бағдарлама нәтижесі күдікке толы. Агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі бұдан үш жылға дейінгі деңгейде қалып отыр, еліміздің жалпы ішкі өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі әлі де 5%-дан аспайды, ал тұрғындардың 40%-ы бізде қазір ауылдарда тұрып жатыр», - дейді экономист маман.

Сарапшы, жергілікті деңгейлерде бұл бағдарламаның орындалуына бақылау жасайтын арнайы комиссиялар құрып, оның құрамы қоғам қайраткерлерінен жасақталуы тиіс деп отыр. Ол, сондай-ақ бағдарлама бюджетін ұлғайтуды ұсынады. «Біріншіден, агроөнеркәсіп кешені үшін үш жылға триллион теңге – соншалықты зор қаражат емес. Екіншіден, бұл қаражат қайтарымды және де жылына 6% үстемемен. Үшіншіден, біз үшін басымды бағыт қайсысы, соны дұрыс түсіну керек. Айталық, еліміздің биылға белгіленген қорғаныс бюджеті 859 млрд теңге және бұл арада қаражатты қайтару деген мәселе жоқ», - дейді Арман Байгонов.

Геосаясат тауқыметі: Ішкі де, сыртқы да факторлар оңып тұрған жоқ

Өз кезегінде, сарапшы Қуаныш Жайық та, «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы төңірегінде жауапқа қарағанда, сұрақ көп деген пікірде. Мысалы, мемлекеттік қолдау алғандар мен алмағандар арасындағы бәсеке қалай өрбіп жатыр? Бұл жоба қаржы секторына, кредит құнына ықпал етті ме? Бюджет қаражатын мейлінше тиімді пайдалану мүмкіндігі болды ма, айталық, индустриалды аймақтарды қалыпқа келтіріп, электр жарығымен қамтымасыз ету деген тұрғыда? Сарапшы, сондай-ақ, егер бұл бағдарлама әрі қарай жалғасып, реформаға ұшырап жатса, онда, ең алдымен, оған жүктелген міндет қаншалықты жүзеге асты деген сұрақтың жауабын іздеу керек деп есептейді.

Естеріңізге сала кетсек, «Қарапайым заттар экономикасы» аясындағы жаһандық міндеттің бірі – Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін арттыру болатын. 2020 жылы ЖІӨ Қазақстанда 30,5%-ды құрады, ссалыстыру үшін: Өзбекстанда бұл көрсеткіш 53,9%-ға жетеді...