«Алматыны үлгі етіп, барлық облыс орталықтарында IT-хабтар іске қосылуы тиіс» - Ә.Смайылов
Үкімет ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мамыр айында іске қосылған MOST IT Hub Almaty инновациялық кәсіпкерлікті дамыту орталығымен танысып қайтты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Сонымен қатар Премьер-Министр ересектер мен балаларға амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін Mediker Hospital International жаңа көп бейінді медициналық орталығының қызметімен танысты. Орталықта стоматологиялық кабинет, спорттық медицина, физиотерапия және оңалту бөлімі, МРТ, КТ, рентген диагностика және маммография кабинеттері, телемедицина кабинеті, екі операциялық зал және тәулік бойы жұмыс істейтін стационар бар.
Премьер-Министр дәрігерлерді алдағы кәсіби мереке – Медицина қызметкері күнімен құттықтады. Сондай-ақ Үкімет басшысы «Жас маман» жобасы аясында түрлі оқу-өндірістік шеберханалармен жабдықталған Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжіне барды. Бұл — Машина жасаушылар одағы, Hyundai Center және Allur Auto сияқты серіктестермен бірге қалалық көлік үшін кадрлар даярлайтын жалғыз колледж.
Премьер-Министр студенттердің СББ станоктарында токарлық, фрезерлік жұмыстар, автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету бойынша Worldskills қалалық және республикалық чемпионаттарындағы жеңісі колледждің сөзсіз жетістігі екенін айтты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.