Ақ үй Қытайға 245%-ға дейін баж салығы салынуы мүмкін екенін айтып қорқытты
Дональд Трамп минерал импортының АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне әсерін бағалауды тапсырды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Жарлықта Қытайға салынатын баж салығы 245 пайызға дейін көтерілуі мүмкін екені айтылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ үйдің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ президенті Дональд Трамп өңделген маңызды минералдар мен олардың өнімдерінің импорты АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қалай әсер ететінін тексеруді бастау туралы жарлыққа қол қойды. Құжат Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды.
"Америка Құрама Штаттарының импортқа тәуелділігі және жеткізу тізбегіміздің әлсіздігі ұлттық қауіпсіздікке, қорғаныс дайындығына, баға тұрақтылығына, экономикалық өркендеуге және тұрақтылыққа ықтимал қауіпті арттырады.
Шетелдік өндірушілер АҚШ-қа геосаяси және экономикалық ықпал ету құралы ретінде жеткізу тізбегіндегі үстемдігін пайдаланып, бағаны манипуляциялаумен айналысады және экспортты ерікті түрде шектейді", - делінген жарлықта.
Мысал ретінде Қытай келтірілген. Бұл ел бірнеше ай бұрын АҚШ-қа галий, германий, сүрме және басқа да әскери мақсаттағы негізгі жоғары технологиялық материалдарды экспорттауға тыйым салған.