Ресей Қазақстаннан бидай импортына салынған тыйымды алып тастады

2 142

Фото: istockphoto.comРесей Федералдық ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау қызметі (Россельхознадзор) Қазақстаннан бидай мен жасымық әкелуге қойылған шектеуді алып тастау туралы шешім қабылдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

Шешім 22 сәуірден бастап күшіне енді. 

“2025 жылдың 22 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясының аумағына карантинге жатқызылған өнімдерді әкелуге қойылған уақытша шектеулер алынып тасталады", - делінген Ресей Федералдық ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау қызметі сайтында жарияланған хабарламада”. 

Ведомство Қазақстаннан Ресей Федерациясына бидай, жасымық, зығыр тұқымы және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға шектеулерді 2024 жылдың қазан айында енгізген еді. Қадағалау қызметі өкілдері мұны Қазақстан бірнеше жыл бойы жарамсыз фитосанитарлық сертификаттар қолданып келгенімен және Ресейге көбінде бұзылған өнімдерді тасымалдауымен түсіндірді . ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл айыптауларды жоққа шығарды. Астық одағы болса бұл жайтты елдер арасындағы "сауда соғысы болуы мүмкін" деп атады.

Қаңтар айының ортасында Ресей Федералдық ветеринарлық қадағалау қызметі Қазақстан Ресейге астық импорттауға қойылған шектеулерді бұзып жатқанын хабарлады. Ведомство өкілдері Қазақстан тарабы Ресей Федерациясына бұзылған бидай, зығыр тұқымдары мен жасымық экспорттағанын мәлімдеп, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінен "кешенді шаралар қабылдау" талап етілді.