Ірі кәсіпорындардың салық түсімдері 37 пайызға азайды

2 509

Фото: Pixabay.com2025 жылдың 11 айында мемлекеттік бюджет кірістері 21,9 трлн теңгеге жетті,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, бұл көрсеткіш жоспардың 100,1 пайызына тең. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бюджет кірістері 2,9 трлн теңгеге артқан.

— Жалпы алғанда нәтижелер бюджет жүйесінің орнықтылығын көрсетеді. Сыртқы факторлардың қысымы мен әлемдік экономиканың тұрақсыздығына қарамастан, мемлекет барлық міндеттемесін орындауға қабілетті, — деді Мәди Тәкиев.

Республикалық бюджет кірістері 13,6 трлн теңгені құрап, бір жылда 1,8 трлн теңгеге өскен. Аталған көрсеткіштің орындалуы 98 пайызды құрады. Ал жергілікті бюджеттердің кірістері тұрақты серпін көрсетіп, 11 айда жоспардан 384 млрд теңгеге артық орындалып, жалпы көлемі 8,2 трлн теңгеге жеткен.

Сонымен қатар министр әлемдік нарықтағы қолайсыз жағдайлардың бюджет кірістеріне әсер еткенін атап өтті. Атап айтқанда, мұнай бағасының өткен жылмен салыстырғанда барреліне 12 АҚШ долларына, ал болжамды деңгейден 5,4 долларға төмендеуі және экспорт көлемінің 3,8 пайызға қысқаруы ірі кәсіпорындардан түсетін салық түсімдерінің 37 пайызға азаюына әкеп соққан.

— Осы сыртқы факторларға қарамастан, кірістер параметрінің тұрақтылығы сақталып отыр және атқарылуын болжауға мүмкіндік береді. Барлық мемлекеттік міндеттемелер, оның ішінде әлеуметтік төлемдер, жалақылар, өңірлерге трансферттер мен даму бағдарламалары толық көлемде орындалады, — деді Қаржы министрі.