Арнайы экономикалық аймақтарды ауқымды өзгеріс күтіп тұр
Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтарды (АЭА) қайта жаңғырту үдерісі күтіп тұр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш ай ішінде оларды дамытудың жаңа моделін әзірлеп, бекітуді тапсырды. Қолданыстағы АЭА жүйесі неге өзгерісті қажет етеді және қандай мәселелерді шешу керек. Президенттің айтуынша, 25 жыл ішінде арнайы экономикалық аймақтар елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 1%-дан сәл ғана асты, экспорттағы үлесі 0,3%, шетелдік инвестициялар тартудағы үлесі 0,9% ғана.
Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі жұмыс тәсілі мүлде жарамсыз деуге болады, – деді Мемлекет басшысы.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда АЭА резиденттері 5,1 трлн теңге инвестиция тартқан. Осы кезеңде өндірілген өнім көлемі үш еседен астам өсіп, 2020 жылғы 1 трлн теңгеден 2025 жылы 3,1 трлн теңгеге жеткен.
Қазір елде 18 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр. Инвестиция көлемі бойынша «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» мен «Астана – жаңа қала» АЭА көш бастап тұр. Экспорт көлемі бойынша мұнай-химия технопаркі (345,4 млрд теңге), «Павлодар» АЭА (198,9 млрд теңге) және «Астана – жаңа қала» АЭА (192,4 млрд теңге) алдыңғы орында. Ал құрылған жұмыс орындарының саны бойынша «Астана – жаңа қала» (8210 қызметкер), Инновациялық технологиялар паркі (6574) және «Астана-Технополис» (4827) көш бастап келеді.







