Қазақстанда химиялық өнімдердің экспорттық көлемі өсуде
Елімізде химия өнеркәсібі саласында 1093 кәсіпорын жұмыс істейді ,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Олардың ішінде ірі кәсіпорындар – 12, орта деңгейдегілері – 21, ал шағындары – 1060. Бұл көрсеткіш шағын өндірістердің басым екенін және салада шоғырландыру мен жаңғыртуға зор мүмкіндік барын көрсетеді.
2019-2024 жылдар аралығында химия өнеркәсібіне 1,7 трлн теңге инвестиция – негізінен жеке инвестиция салынды. 2025 жылдың басынан бастап салаға салынған инвестициялар көлемі 50,7 млрд теңгені құрады, оның ішінде мемлекеттік инвестициялар есебінен – 2,6 млрд теңге және жеке инвестициялар есебінен – 48,1 млрд теңге салынды.
Бүгінгі таңда химия саласы әртүрлі бағыттағы химиялық өнімдердің 240-тан астам аталымын шығарады, олардың арасында агрохимия маңызды орын алады.
Агрохимия секторы шығарылатын өнімнің жалпы көлемінің 22,5%-ын қамтамасыз етеді әрі бүкіл саланың өсуінің негізгі қошғаушы күші ретінде қызмет етеді. Бұл халық санының өсуіне және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, аграрлық өнімге әлемдік сұраныстың артуына, сондай-ақ ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту қажеттілігіне байланысты.
2024 жылы Қазақстан химиялық тауарлардың 205 түрін экспорттады. Қазақстандық химия өнімдерін негізгі импорттаушы елдер – Қытай, Ресей және Вьетнам.