Биыл Қазақстан 12 млн тонна дақылды экспорттайды

2 655

Фото: istockphoto.com«Отандық астықты өңдеуге көңіл бөлу керек», - дейді Мәжіліс депутаттары, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Олардың есебінше, Орталық Азия мен Қытай жыл сайын қосымша 2 млн тоннаға дейін дайын өнімді қабылдауға әзір. Ал экспорттаушыларға қандай қолдау бар?

Ішкі нарыққа қажет астық мөлшері – 8-9 млн тонна. Биыл Қазақстан 12 млн тонна дақылды экспорттайды. Жоспарлы нарықтар бар. Алайда, тиісті келісім жасау маңызды. Қазақстан фермерлері қауымдастығының өкілдері осылай дейді. Әсіресе, Қытай импортын нақтылап алу қажет. Себебі жиі шектеу енгізетін аймақ осы. Тәжікстан біздің астықты асыға күтетіні белгілі. Фермерлер қауымдастығы Үкіметтің шаруаларға 15 желтоқсанға дейін несиелерін қайтаруды міндеттегенін алға тартады. Демек, қамбадағы астықты тез сатып үлгеру қажет. Ал бір мезгілде ұсыныс көбейген тұста баға да күрт төмендейді. «Бұл сәтті Тәжікстан билігі мүлт жібермейді», - дейді мамандар. Енді олар диқандардың шығыны ақталмауы мүмкін деп алаңдайды.   

Астық экспортына логистика мәселесі де әсер етеді. Теңіз арқылы тасымалдау ұзақ уақытты талап етеді. Жол шығыны да қомақты. Ал Еуропа елдеріне теміржол арқылы тасымалдау үшін Ресей аумағынан өту керек. Бұған арнайы тарифтер белгіленген. Бұл шаруалардың қалтасына салмақ. Мұны ескерген Үкімет осындай тасымалды субсидиялауы мүмкін. Жаңа егіс маусымын да ұмытпау керек. Енді Президент тапсырмасымен Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан 150 мың тонна астық сатып алынады. Алайда, фермерлер қауымдастығы кемінде 3 млн тонна сатып алуды ұсынады.

 Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев: «Үкімет резервінен бөлінген қаражатты арттыру керек», - дейді.
 Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: - Үкімет резервтен бөлінген 10 млрд теңге есебінен 150 мың тоннаға жуық астық сатып алуды жоспарлап отыр. Біз бұл көлемді қазіргі жағдайда тым аз деп санаймыз. Нарықта қалыптасқан жағдайды реттеу үшін кемінде 75 млрд теңге көлемінде қосымша қаржыландыру қажет. Бұл шаруалардан 1 млн тоннаға жуық астық сатып алуға серпін беретіні сөзсіз.

Отандық астық Еуропа мен Африкаға жөнелтіледі Отандық астықты Батыс Еуропа мен Солтүстік Африка нарығы импорттамақ ниетте. Бұл үшін өнім сапасы жоғары болуы маңызды. Сауда және интеграция министрлігі 2 млн тоннаға жуық өнім тасымалдауға келісім жасап жатыр. Жалпы экспортталуы тиіс астық көлемі 12 млн тоннадан асады. Негізгі нарық Орталық Азия және Ауғанстан. Қытайға 1,6 млн тоннасын жеткізу көзделеді. Десе де, дәл қазір бұл оңай шаруа емес. Қытай шекарасындағы кідірістер мен лицензиялау шарттары шешімін күтіп тұр.